Көк Ту - еліміздің ардағының айғағы
Көк байрақты Туымыз және әуелеген Әнұранымызбен мақтана аламыз. Бұл нышандар арқылы төрткүл дүниеге өзімізді танытып отырмыз. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін осы рәміздерді ерекше қастерлейді. Бәлкім бұл ананың ақ сүтімен бірге бойымызға дарыған айрықша сезім де шығар. Мен үшін Әнұран, Ту мен Елтаңба - қазақ деген халықпен үзеңгілес қасиетті ұғымдар, ғасырлар бойы халқымызды күйзелткен түнектен кейін көгімізге күн болып көтерілген Тәуелсіздігіміздің басты нышандары. «Біз күн нұрын төккен, көк аспанның астында бейбіт өмір сүріп жатырмыз, береке-бірлікті қалаймыз - туымыздың бірыңғай бір түсті болуы да содан», - деп түсіндіріп өткен еді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақтың желбіреген жалауы еліміздің айбары мен ардағының айғағы ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымы ғимаратында асқақтап тұр. Аспан түстес туымызды ғарышкер ағамыз Талғат Мұсабаев ғарыш кемесімен бірге алып ұшып, Жеті қабат көктің жүзіне көтерді. Ал біздің чемпиондарымыз туымызды ең биік тұғырға көтеріп, қазақтың мерейін асқақтатып келеді. Осыдан екі жыл бұрын Лондонда өткен Олимпиадада спортшыларымыз ерледі. Дүбірлі додада жеті мәрте қазақтың Әнұранын әуелеткенде жер жаһан Қазақстанды таныды. Бәріміз де теледидар алдында телміріп, балаша секіріп, сүйінші сұрасқан, еліміз үшін кеудені мақтаныш кернеген ұмытылмас сәттер болды... Тұтас ел тойлайтын осындай толағай табыстар көп болғай. Ал ұлттың рухани тұтастығын білдіретін Әнұранымыз «Менің Қазақстанымның» тарихи өзегі де елдігімізбен етене. Шәмші Қалдаяқовтың әніне Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазылған халықтың сүйікті әніне тәуелсіз елдің тілегін айшықтайтын түзетулерді Елбасының өзі енгізген еді. Жер жаһанда қаншама ұлт, халық бар. Барлығының бірдей еркін көсіліп жүретін өз елі бар деп айта алмаймыз. «Егемен болмай ел болмас, етектен кесіп жең болмас» дейді қазақ. Біздің бүгінгі істеріміз ертең тарихқа айналады. Сондықтан ел ертеңі үшін ерінбей еңбек етуіміз қажет. Бір шаңырақ астында талай ұлт пен ұлысты ұйыстырып, тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан біз бақыттымыз. Сарыарқаның төрінен орын алған еңселі елордамыз бен Алатау бөктеріндегі Алматының әлеуеті де жыл санап артып келеді. Мен ел ертеңіне зор үмітпен, үлкен сеніммен қараймын. Өткен аптада құдай қосқан көршіміз Ресеймен және Беларусь елімен одақ құрып, жаңа нарыққа жол ашылды. Елбасы таңдаған даңғыл жолдан адаспасақ көк байрағымыз әлі де талай халықаралық тұғырдан көрінетініне сенімім мол. Берекелі болашаққа жету үшін өткенді ұмытпауыз қажет. Тарихтағы ақтаңдақ беттер бізге келешекте сол қателіктерді қайталамас үшін сабақ болуы тиіс. Біз - фашистік басқыншыларды тізе бүктіріп, әлемді азат еткен батырлардың ұрпағымыз. Қазақ тарихында сан мәрте болған неше түрлі зұлмат заман, ашаршылық пен қуғын-сүргіннен, солақай соқыр саясат пен адам төзгісіз сыннан аман қалып, ұлан-ғайыр жерді білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап, бізге аманат етіп тапсырған, ежелден еркіндікпен өмір сүріп, еңселі ел болуды көксеген бабаларымыздың жалғасымыз. Ар жағын айтпағанның өзінде, біздің осы күнге жетуіміз үшін қаншама қазақтың біртуар азаматтары, Алаш ардақтыларының өмірін қыршыннан қиды. Осы аманатты келешек ұрпаққа жеткізу - жүрегі отты, шырағы шоқты жастардың, яғни, біздің борышымыз. Осыны ұмытпайық... «Біз Тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз қажет. Біз Тәуелсіздігіміздің рәміздерін көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Еліміздің әрбір азаматы Қазақстанның Туы, Елтаңбасы, Әнұранын ерекше құрметтеуге міндетті. Өйткені олар біздің ең киелі құндылықтарымыз», - деп атап өтті Қазақстан Президенті Н. Назарбаев. Қадірменді ағайын, бүгінгі Мемлекеттік рәміздер күні құтты болсын! Еліміздің абыройы асқақтай берсін!