Көкарал тоспасы тағы 2 метрге биіктетіледі

АСТАНА. KAZINFORM – Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Мәжілістегі Үкімет сағатында Көкарал дамбасын тағы 2 метрге биіктету жоспарланып отырғанын мәлім етті.

дамба
Фото: Мәжіліс

Депутат Мұрат Әбенов Аралдың суын молайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйін сұраған. Министр Аралдың бұл жобаның екінші кезеңі басталғанын атап өтті.

- Біз қазір мынандай шешімге келіп отырмыз. Аманөткел гидроторабы міндетті түрде салынады. Себебі Арал маңындағы жүйелерге су беру үшін ондай нысан керек. Екіншіден, коллекторлық суды Үлкен Аралға жіберу үшін Қызылорда каналын жүргіземіз. Үшіншіден, Көкарал дамбасын тағы да 2 метрге көтереміз. Осы жұмыстардың нәтижесінде қосымша 7 млрд текше метр су жинауға мүмкіндік туады, - деді ол.

Оның сөзінше, қазір Көкарал тоспасының арқасында 27 млрд текше метр су жинақталып отыр.

- Қазір 23,7 млрд текше метр су бар онда. Соңғы екі жылда Аралға 4 млрд текше метр су жеткіздік. Сонда қазіргі су жинақтау мүмкіндігі 27 млрд текше метр. Енді оған тағы 7 млрд текше метр сыйымдылық қосылады да, 34 млрд текше метрге жетеді. Келетін судың көлемі көбейіп жатса, әрі қарай да жұмыс істейміз. Дүниежүзілік банкпен осы жөнінде келіссөздер жүргіздік. Жобалық-смета құжаттарын қайта әзірлеп жатырмыз. Биыл мемлекеттік сараптамадан өтсе, Дүниежүзілік банкпен қаражат бөлу мәселесін пысықтаймыз, - деді ведомство басшысы.

Айта кету керек, Каспий мәселесін шешу аясында Қазақстан Ресейге Еділ суын бірлесіп реттеу туралы ұсыныс жасамақшы. 

Соңғы жаңалықтар