Қоқыс, қараңғы көше, иесіз иттер: Қызылорда тұрғындары тазалық пен қауіпсіздік мәселесін көтерді

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда қаласының Арай-Шұғыла шағын ауданында қоқыс үйінділері, қараңғы көшелер мен қаңғыбас иттер тұрғындардың бас ауруына айналған.

Қоқыс, қараңғы көше, иесіз иттер: Қызылорда тұрғындары тазалық пен қауіпсіздік мәселесін көтерді
Видеодан алынған кадр

Әсіресе, № 15 мектеп-лицей оқушыларының қауіпсіздігі қатты алаңдатады. Тұрғындар бұл туралы әлеуметтік желіде дабыл қағып, жауапты мекемелерден нақты іс-шара қабылдауды сұрады.

— Қаланың орталығында тұрамыз, осындай қоқыс орындарынан шаршадық. Иісі сұмдық. Айналамыз қаңғыбас иттерге толы. Дәл жанымызда № 15 мектеп-лицей орналасқан. Балалар күн сайын осы жолмен жүреді, — делінген жазбада.

Жергілікті жұрттың айтуынша, бұл жерге құрылыс қалдығы мен өзге де қоқыс төгіледі. Соның салдарынан айналаға жағымсыз иіс тарап, аумақтың санитарлық жағдайы нашарлаған. Мәселе тек тазалықпен шектелмейді. Шағын аудандағы бірқатар көшеде жарық шамдары жоқ, жаяу жүргіншілерге арналған тротуар салынбаған. Кешкі ауысымда оқитын балалардың үйге қайтуы мұң.

Тәуелсіздік даңғылына шығатын жолда көліктердің жоғары жылдамдықпен жүруі де балалар өміріне қауіп төндіріп тұр.

— Оқушылар кешкі сағат 19:10–да сабақтан шығады. Көшеде жарық жоқ, тротуар да қарастырылмаған. Көліктер жарысып жүреді. Таңертең ерте мектепке баратын балаларға да қиын. Осы мәселеге назар аударсаңыздар, — деп жазды тұрғындардың бірі.

Тағы бір тұрғын көшеге асфальт төселгенін оң өзгеріс ретінде атап өтіп, ендігі кезекте қоқыс пен қаңғыбас иттер мәселесін шешу қажеттігін жеткізген. Оның сөзінше, жаңбырлы күндері кейбір жолдармен жүру қиындайды.

Көпшіліктің шағымына Қызылорда қаласының әкімдігі жауап берді. 

— Мәселе бойынша жауапты мекеме мамандары барып, зерделеу жұмыстарын жүргізеді. Нәтижесі бойынша қосымша хабарланады, — делінген хабарламада.

Бұған дейін Қызылорда қаласындағы бірқатар көшенің тұрғындары асфальтсыз жолдың азабын тартып отырғанын айтып, шағымданды.