«Көкнәр-2010» операциясының 2 аптасында Шу алқабынан 3 тоннадан астам қарасора тәркіленді

Таяу күндері жамбылдық полицейлер ҚР ІІМ Есірткі бизнесімен күрес комитеті өкілдерімен бірлесіп, Шу ауданының Тасөткел ауылының құмды аймағында марихуана дайындап жатқан 41 жастағы бұрын сотталған Алматының тұрғынын ұстады, тергеу амалдары жүргізілуде.
Жамбыл облыстық ІІД есірткі бизнесімен күрес жөніндегі ауданаралық бөлімінің бастығы, подполковник Қуат Жапабаевтың айтуынша, күдікті жеркепе қазып алып, ыстықтан қорғанған және онда қажетті заттарын сақтаған. Екі күннің ішінде ол 1 тонна 40 келі қарасораны дайындап, жартылай кептірген. Осы есірткіні сату арқылы 10 млн. теңгеге дейін пайдаға кенелмек болған.
«Көкнәр-2010» операциясы басталғаннан бері полицейлер есірткіге қатысты 10 қылмысты әшкереледі. Бір апта бұрын осы жерге тақау аймақтан 1 тонна 200 келі марихуана дайындап үлгерген жергілікті тұрғын ұсталды», деп мәлім етті «Дельта-Долина» арнайы бөлімшесінің жетекшісі Қ.Жапабаев.