Көкөніс қоймасын салушыларға мемлекет қандай қолдау көрсетеді
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде көкөніс қоймаларын салу кезінде салқындатқыш және желдеткіш жабдықтарға жұмсалған ақшаның тең жарты сомасын мемлекет төлейді. Бұл туралы Kazinform агенттігінің ресми сауалына Ауыл шаруашылығы министрлігі жолдаған ресми жауапта айтылған.

— Облыстар, Астана және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктерімен және тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2023–2025 жылдарға арналған көкөніс сақтау қоймаларын салу және жаңғырту жөніндегі кешенді жоспарды бекітілген. Сонымен қатар, 2024–2026 жылдарға арналған АӨК инвестициялық жобаларын іске асыру жөніндегі Жол картасы аясында астық сақтау қоймаларын салу, жаңғырту және кеңейту бойынша жобалар жүзеге асырылып жатыр, - делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, картоп және көкөніс сақтау қоймаларын салу мен жаңғыртуға инвестиция тартуды ынталандыратын бірқатар тәсіл іске асырылады.
— Агроөнеркәсіптік кешен субъектілері инвестициялық салымдарының бір бөлігін өтеу қағидасы (2018 жылғы 23 шілдеде ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің №317 бұйрығымен бекітілген) шеңберінде субсидия беріледі. Субсидия мөлшері жабдықтың түріне байланысты 25%-дан 40–50%-ға дейін ұлғайтылды: салқындатқыш жабдық үшін – 50%, желдеткіш жабдық үшін – 40%, - деп мәлімдеді ведомство.
Бұдан бөлек, Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату аясында көкөніс сақтау қоймаларын қаржыландыру көзделген. Жалпы, 2024 жылы осы бағдарлама аясында республикалық бюджеттен 100 млрд теңге бөлінсе, ағымдағы жылы 200 млрд теңге қарастырылған.
Сондай-ақ АӨК субъектілерін қолдау мақсатында министрлік астық сақтау қоймаларын салу мен кеңейту шығындарының 25%-ын өтеуді көздейді.
Айта кетейік, елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары транзитіне бақылау күшейді.