Көкпардан әлем чемпионаты: Тәжікстан қола жүлдегер

Алғашқы салымды қытайлық құраманың 5 нөмірлі көкпаршысы Мұхат Қуанышұлы салды. Жирен мінген жігіттің мықтысы тақымындағы серкені шеңберге 5-ші минутта тоғытқан. 9-шы және 12-ші минутта тәжік көкпаршылары екі мәрте серкені шеңберге дейін әкелгенімен, тура ортасына түспеуі себепті төреші оларды есепке алмады. Бірінші кезеңнің соңында қытайлық команданың ойыншысы ойын тәртібін бұзғаны үшін Оралтай Оразұлы ойыннан 5 минутқа шеттетілді. Алайда қарсыластардың аз құрамдағы кемшін тұсын тәжіктер пайдалана алмады. Бірінші кезең 1:0 есебімен Қытай құрамасының еншісінде қалды.
Екінші кезеңде қос команданың бәсекесі қыза түскен еді. Алайда қос тарап та 30 минутқа дейін есеп аша алған жоқ. Тек 30 минуттан кейін топтық текетірестен сытылып, оза шапқан тәжікстандық Фархад Холов есепті теңестіріп кетті. Қытай құрамасы жауапсыз қалмай, 3 минутта Нұрболат Тәліпбай шеңберге серкені дөп түсіргендей болған. Бірақ төреші бұл жолы да ұпайды тіркеген жоқ.
35 минутат Тәжікстан тағы бір ұпайды иеленді. Білегі білігімен қатарласқан тәжіктің Розабай Караев атты көкпаршысы командасын алғашығарған еді. Қытайлықтар ары қарай қарсылық көрсете алмады. Жеңіс Тәжікстан құрамасының қоржынында қалды.
Еске сала кетсек, тамыздың 21-де Елордадағы «Қазанат» атшабарында көкпардан әлем чемпионаты басталған болатын. 11 мемлекеттің көкпаршылары бас қосқан чемпионаттың жалпы жүлде қорына 18 миллион теңге тігіліп отыр. 1-орын үшін Қазақстан мен Қырғызстан құрамалары сарапқа салынатын болады.