«Көксарай» - су тасқынына байланысты жағдайды реттеуде өте маңызды нысан болып отыр

Биылғы қыстың қатты болуынан күнгейде еріген қар мен жаңбыр суы жылдағыдан көп. Соның салдарынан су реттегішіндегі судың деңгейі біршама көтеріліпті. Сала мамандарының сөзінше, стратегиялық нысан әлі де көп мөлшерлі суды қабылдауға дайын.
«Көксарай су қоймасына 2 млрд 800 млн текше метр су қабылдадық. Қазір, су сол күйінше қоймада тұр. Егер қажет болса, тағы 200 млн текше метр су қабылдауға шамамыз бар. Дегенмен әзірге ондай қажеттілік туындап тұрған жоқ. Су транзиттік бағытта кетіп жатыр»,-дейді Көксарай су реттегішінің бастығы Құрман Романов.
Қоймадағы жиналатын су мөлшері бір ғана Оңтүстік Қазақстан облысы мен Сыр өңірін сумен қамтамасыз етуге толық жетеді. Сондықтан, бұл нысан - су реттегіш қана емес, өңір қауіпсіздігінің кепілі болып саналады.
Еске салайық, «Көксарай» су реттігіші елімізде орны ерекше маңызды нысан болып саналады. Оның құрылысына мемлекеттен 52 млрд теңге жұмсалған. Соның нәтижесінде екі жарым жылдың ішінде ен далада көл пайда болды. Маңызды нысан бүгінде өзен жағасындағы бірнеше ауылды тасқынның зардабынан біржола құтқарып отыр.