«Көкшенің көк семсері – Көкен ақын» атты халықаралық ақындар айтысы өтті

11 қазан күні «Көкшетау» мәдениет сарайында Көкше өңірінің айтыс өнеріне үлесін қосқан халық ақыны, Қазақстанның ақын және жыршылар одағының президенті болған, қазақ ақындарының көш бастар абыз ақсақалы атанған Көкен Шәкеевтің 100 жылдығына орай, халқымыздың ұлттық өнерін насихаттап, айтыс өнерін дамыту мақсатында Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен, «Көкшенің көк семсері Көкен ақын» атты Қазақстан мен Қырғыз елінің айтыс ақындары мен дәстүрлі әншілері, жыршы-термешілері арасында халықаралық ақындар айтысы өтті.

Айтыс
Фото: Ақмола облысының мәдениет басқармасы

Қазақ өнерінде өзінің өміршең өнегесін қалыптастырып, өшпес өрнегін қалдырған халқымыздың ақыны, жұртымыздың жыршысы, ұлтымыздың аяулы перзенті Көкен Шәкейұлы Шәкеев 1926 жылғы наурыз айының 16-сы күні бұрынғы Көкшетау облысы, Рузаев ауданының Сарыадыр ауылында дүниеге келді. Өмірінің соңғы күндеріне дейін Көкшетау қаласының төңірегіндегі Қызылжар ауылында тұрды. «Отан соғысы», «Халықтар достығы» ордендері мен бірнеше медальдардың иегері.

Айтыс
Фото: Ақмола облысының мәдениет басқармасы

Қазақ пен қырғыздың әдеби мұрасын ортақтастырып, рухани қазынасын байытып, екі елдің достығын нығайтып өткен Сүйінбай мен Қатағанның, Османқұл мен Кененнің, Жамбыл Мен Тоқтағұлдың ізін жалғастырып, суырып салма ақындық өнерін кеңінен насихаттап, оны одан әрі дамытумақсатында өткізілді. Тұнба бұлақтай мөлдір өнерді халыққа жеткізіп келген, табиғи дарын иесі, өзінің ақындығымен Көкшетаудың асқарын аспандатып, айбатын асырған Сұлу Көкше өңірінің біртуар перзенті, «Айтыстың ақтангері» атанған Қазақстанның халық ақыны, айтыс өнерінің дамуына зор үлесін қосқан Көкен Шәкеевтің өнегелі өмірін жас ұрпаққа үлгі ету.

Жыр додасында Мақсат Аханов, Жансая Мусина, Мұхамед Қонқаев, Нұрлан Есенқұлов, Аспанбек Шұғатаев сынды қазақ елінің жүйрік ақындары көршілес Қырғызстан елінің төкпе ақындары Амантай Кутманалиев, Азамат Болгонбаев, Кубат Тукешов, Нурсултан Малдыбаев, Жамайка Токонова өзара сөз сайысына түсті. Сонымен қатар, екі елдің дәстүрлі әншілері Айгүл Қосанова мен Эльзар Өскөнбаева, күйшілер Бекзада Достиярова мен Закирбек Дүйшөнбек уулу, жыршылар Елмұра Жаңабергенова мен Самат Көчөрбаев, термешілер Арафат Ысқақов пен Құндыз Таштаналиева өнерлерін көрсетті. Халықаралық айтысты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі айтыскер ақын Аманжол Әлтаев жүргізді.

Айтыс
Фото: Ақмола облысының мәдениет басқармасы

Қазақстан мен Қырғызстан елінің мәдениет пен өнер қайраткерлерінен құрылған қазылар алқасының құрамына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық одағының төрағасы - Жүрсін Молдашұлы Ерман төрағалық етті.

Аламан айтыстан соң, ақындарға шығармашылық табыс тілеп, ауыздарына қашан да сүбелі сөз түссін деген ақ жарма тілегімен өңіріміздің басшысы, ел тізгінінің иесі, Ақмола облысының әкімі Марат Мұратұлы Ахметжанов сөз сөйледі. Облыс басшысы жыр додасын тамашалауға келген қалың көрермен мен ақындар қауымына шынайы алғысын білдірді.

«Ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан халқымыздың киелі өнерін құрметтеп, жаңғырту, оны кейінгі жас ұрпақтың санасына сіңіру – біздің міндетіміз. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабатын»,- демекші халықтың рухани қазынасына айналған бүгінгі аламан додада от ауызды, орақ тілді әр ақын өз бабына қарай шауып, салмақты, ойлы сөздерімен өз өнерлерін паш етіп саф өнерге сусындаған көрерменді серпілтіп тастады» - деп атап өтті Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.

Айтыс
Фото: Ақмола облысының мәдениет басқармасы

Қазақ пен қырғыздың мәдениетін мерейін өсіріп, айбынын асырған аламан айтысқа Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы Балаеваның құттықтау хатын Мәдениет комитетінің репертуарлық саясат және өңірлік қызметті үйлестіру басқармасының басшысы Рига Талғатқызы Онаева өңір басшысы Марат Мұратұлы Ахметжановқа табыстап, жылы лебізі мен ыстық ықыласын білдірді. Сондай-ақ Рига Онаева елімізге қонақ болып келіп, екі елдің достығын нығайтуға атсалысқан Қырғыз елінің үш ақынына «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін табыстады.

Сахнада өнер көрсеткен дәстүрлі әншілер Айгүл Қосанова (Қазақстан) мен Эльзар Осконбаева (Қырғызстан), күйшілер Достиярова Бекзада (Қазақстан) мен Закирбек Дуйшенбек уулы (Қырғызстан), жыршылар Елмұра Жаңаберген (Қазақстан) мен Самат Кочорбаев (Қырғызстан), термешілер Арафат Ысқақов (Қазақстан) пен Кундуз Таштаналиева (Қырғызстан) көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Өнерпаздарға ұйымдастыру алқасының дипломдары мен 300 000 теңге сомасындағы ақшалай сертификаты табыс етілді.

Ақындар айтысында елдің толағай табыстары мен жетістіктері әдемі ұйқастарқа құрылып, көтерілген келелі мәселелер, қыз бен жігіттің әзіл айтысы айтыс сүйер көрерменге айрықша көңіл-күй, рухани серпіліс сыйлады.

Қазылар алқасының шешімімен жарыстың бас жүлдесін екі ақын 3 000 000 теңгеден Мақсат Аханов (Қазақстан) пен Амантай Кутманалиев (Қырғызстан) ұтып алды. Бірінші орынға 2 ақын 1 500 000 теңгеден Нұрлан Есенқұлов (Қазақстан) пен Азамат Болганбаев (Қырғызстан) лайықты деп танылды. Екінші орын 2 адамға 1 000 000 теңгеден Аспанбек Шұғатаев (Қазақстан) пен Нұрсұлтан Малдыбаевқа (Қырғызстан) бұйырды. Үшінші орынды 2 адам 750 000 теңгеден Жансая Мусина (Қазақстан) мен Кубат Тукешов (Қырғызстан) иеленді.

Еларалық ақындар айтысына белсене қатысқаны үшін ұйымдастыру алқасының дипломдары және 500 000 теңге сомасындағы ақшалай сертификатымен Мұхамед Қоңқаев (Қазақстан) пен Жамайка Токонова (Қырғызстан) марапатталды.

Көкшетау аспанын ән мен жырға бөлеп, көрермен көңілін шалқытып, дүбірлеп өткен осы айтыс ел есінде қалары анық. Түбі түркі, түлігі жылқы болған бауырлас екі ел қазақ пен қырғыздың достығын нығайтатын осындай игі шаралар көп болғай.

Соңғы жаңалықтар