09:46, 17 Қаңтар 2009 | GMT +5
Көкшетау қалалық әкімідігінде халық санағын өткізу жайы пысықталды
КӨКШЕТАУ. Қаңтардың 17-сі. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Көкшетау қаласының әкімі Бақыт Сапаровтың төрағалығымен өткен алқалы мәжілісте ұлттық халық санағын ұйымшылдықпен өткізудің жай-жапсары пысықталып, шешімін күткен өзекті мәселелер айқындалды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бүгінгі таңда облыс орталығында маңызы зор іс шараны ойдағыдай жүзеге асыру мақсатында 14 бөлім құрылып, қала бойынша 480 учаске жұмысқа кіріскен. Алдын ала іріктеліп, тиісті біліктіліктерін жетілдіру курстарынан өткен 632 нұсқаушы мен есептеушілер өз орамдарын бақылауға алған көрінеді. Олардың жүріп тұруы үшін 15 көлік бөлініп, автобуспен тегін қатынау мәселесі шешімін тапқан. Ұлттық халық санағы негізгі төрт нысанға баса назар аударатын болады. Сол бойынша құжаттарды толық, тиянақты, анық толтыруға мейлінше көңіл бөлінеді. Бүгінде қалада үгіт-түсінік жұмыстары кең көлемде қолға алынған. Оларға жетекшілік жасау міндеттері ұйымдар мен мекемелер басшыларына, қалалық мәслихат депутаттарына, ұлттық мәдени орталықтар төрағаларына жүктеліп отыр.