Көкшетау қаласының тұрғыны Кулагиннен панасыз жануарларға тұрақ ашып беруді сұрады

Қабылдауда Көкшетау қаласының тұрғыны, «Спасти жизнь» жануарлар құқын қорғау» қоғамдық бiрлестiгiнiң төрайымы Марина Рыбалко өңiр басшысынан панасыз жүрген жануарларға тұрақ ашу үшiн мемлекет тарапынан бос ғимарат берудi немесе тұрақ салуға жер телiмiн бөлудi сұрай келіптi. Облыс әкiмi жануарлар тағдырына алаңдаған Маринаның ойын қолдайтынын бiлдiрдi. Бiрақ та дәл бүгiнгi күнi осы мақсатқа сай қалада бос тұрған ғимараттың жоқ екендiгiн айтып түсіндірді.
«Бұл бiр күнде шешiле салатын мәселе емес, жан-жақты қарастыру керек. Болашақта бұл мәселе бақылауда болады, мүмкiндiгiнше көмек көрсетiледi», - дедi әкiм.
Ал, Еңбекшiлдер ауданының тұрғыны Iлияс Әдiлбаев аймақ басшысына өзiнiң 2 топтағы мүгедек қарындасының өтiнiшiн жеткізді. Үш баласы бар, жалғызбасты ана Н. Әдiлбаева көптен берi аудан орталығынан үй ала алмай жүрген көрінеді. Ол пəтер кезегіне 38-шi болып тіркелген. Ағымдағы жылы оған аудан әкiмдігі бiр бөлмелi пәтер ұсынған, бiрақ ол отбасы мүшелерiнiң бiр бөлмеге сыймайтындығын айтып, бас тартыпты. Өңiр басшысы өтініш иесiн мұқият тыңдап бұл мәселе тек заң шеңберiнде шешiлетiндiгiн айтты. «Бүгiнгi күнi Еңбекшiлдер ауданында мемлекеттiк бағдарлама аясында көпқабатты тұрғын үй салынуда. Сол үй межелi уақытта салынып бiтсе, келер жылы пәтерлi болып қалуларыңыз мүмкiн. Сол кезде Н. Әдiлбаеваның денсаулығының жоқтығы, жалғыз өзiнiң кәмелет жасына толмаған үш баланы асырап отырғандығы мiндеттi түрде ескерiледi», - дедi өңiр басшысы.
Сондай-ақ осы күнi Астана қаласынан келген «СК БИП Астана» ЖШС басшысы Денис Зайцев те қабылдауда болды.Ол аймақ басшысына өзiнiң «Қаланы жарықтандыру, абаттандыру» жобасын ұсынды.
Жалпы кездесу қорытындысы бойынша барлық келушiлердiң өтiнiштерi бойынша тиiстi сала басшыларына ескертулер мен тапсырмалар берiлдi.