Көкшетау клиникалық оңалту орталығында мүгедектерге қандай қызметтер көрсетіледі

Делегация құрамында Ақмола облысының «Бірлік» мүгедектер одағының төрағасы Рамазан Мұқатаев, Көкшетау қаласы әкімінің мүгедектігі бар адамдар мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, «Шанс» мүгедектерді оңалту орталығының басшысы Василий Шиманский және Көкшетау қаласы әкімінің мүмкіндігі шектеулі адамдармен өзара іс-қимыл мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Мүсілім Сәрсембеков, сондай-ақ Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Елена Иванова бар.
Оларға орталық жұмысын медицина мекемесінің бас дәрігері Бақтияр Қонқабаев таныстырды.
Бүгінгі таңда орталық тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде екінші және үшінші деңгейлі оңалту қызметтерін көрсетеді.
Орталықта дене салмағын түсіру үшін кинезотерапия жүргізуге арналған норвегиялық Redcord жабдығы, үстіңгі бекітпесі бар жүгіру жолы және адам құлаған кезде де оны ұстай алатын толық салмақ өтемі, лимфопрессотерапия үшін қолданылатын BTL аппараты, Levitas аспалы жүйесі тәрізді жабдықтар бар.
Гидрокинезотерапия жүргізуге арналған бассейн делегацияның ерекше қызығушылығын туғызды. Ылғалға төзімді арнайы арбада науқас пандус арқылы бассейнге түседі.
Мұнда суда аяқ-қолдың бұлшықетін нығайтуға арналған Германияда жасалған Аquaback тренажерлері бар.
Мұндай терапия инсульт пен тірек-қимыл аппаратының жарақатынан кейінгі науқастарға, сондай-ақ церебральды сал ауруы бар балаларға көрсетіледі.
Жақында клиника базасында жалпы оңалтудың 28 төсегіне және 32 нейроинсульт төсегіне есептелген оңалтудың екінші кезеңінің бөлімшесі ашылды.
«Ересектерді оңалту неврология-нейрохирургия, кардиология-кардиохирургия, ортопедия-травматология бағыттары бойынша тегін жасалады. Ол міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың кепілдендірілген көлемі шеңберінде ақмолалықтарға қолжетімді. Келесі жылы орталық базасында балаларды оңалту бөлімшесін іске қосамыз. Палаталар мен емдік дене шынықтыру залы жабдықталды», - деп атап өтті Бақтияр Қонқабаев.
Санитарлардың еңбегін жеңілдету үшін орталықта салмағы 200 келіге дейінгі науқастарды тасымалдауға көмектесетін электр көтергіштер қолданылады.
Түркия шығарған бұл арнайы креслолар отыруға және жатуға арналған екі позициядан тұрады.
Мұнда науқастар үшін емдік дене шынықтыру залы мен ванналары бар санитарлық бөлмелер де бар.
Науқастар үшін жалғыз мәселе қоғамдық көлік аялдамасының алшақ орналасуы болып отыр.
Адамдар, әсіресе ерте қалпына келтіру кезеңінде, мұнда жетуі қиынға соғады. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі адамдар күнделікті таксиге отыра алмайды.
«Қазір біз науқастарымызға автобус бөлдік. Күндізгі стационарға 10-14 күн баратын адамдар біздің автобустың қай жерден әкететінін біледі. Кімге ыңғайлы, олар сонда келеді, біз оларды өзіміз әкелеміз. Бірақ бұлай жасай беруге болмайды», - деді Бақтияр Қонқабаев.
Алайда, қоғамдық көлік мәселесін тек жергілікті атқарушы органдар мен мәслихат деңгейінде шешуге болады.
Осы ретте Рамазан Мұқатаев бұл мәселені үйлестіру кеңесінде көтеретінін айтты.
«Мұнда көптен бері келгіміз келді. Біз орталықтың қандай екенін және осындай санаттағы адамдар үшін қаншалықты қолжетімді екенін көзбен көрдік. Шынында да, орталық заманауи үлгіде, таза, ыңғайлы, әрі науқастарға аса қамқорлықпен жасалғанына қуанып отырмыз. Орталық бізді таң қалдырды! Оңалту көпдеңгейлі, бірнеше кезеңге бөлінген, динамиканы және қай бағытта жүру керектігін анықтауға мүмкіндік береді», - деп өз әсерін бөлісті Валерий Шиманский.
Жалпы, Ақмола облысында әртүрлі санаттағы мүгедектігі бар барлық жастағы 29 мыңға жуық адам бар. Оның көпшілігі уақытылы оңалтуды қажет етеді.