«Көкшетау – Рузаевка» тасжолындағы көлік апатынан екі адам көз жұмды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысы аумағында үш көлік соқтығысып, екі адам көз жұмды, тағы екі адам түрлі дене жарақатымен ауруханаға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақмола облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы бүгін сағат 13:05 шамасында «Көкшетау – Рузаевка» тасжолының 25 шақырымында болған.
«Анықталғандай, Көкшетау қаласы бағытында жүріп келе жатқан Атырау қаласының 25 жастағы тұрғыны басқарған «Газ-330232» автокөлігі жолдың қарсы бағытына шығып кетіп, «Ваз-2106» және «Лада Калина» көліктерімен соқтығысқан. Салдарынан екі жеңіл көліктің 35 және 71 жастағы жүргізушілері оқиға орнында көз жұмды. Сонымен бірге, «Лада Калина» көлігінің екі жолаушысы түрлі дене жарақатымен ауруханаға түсті. Қазіргі кезде, осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», - делінген ведомствоның ресми мәліметінде.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмолада мас жүргізушілердің кінәсінен үш адам көз жұмып, 36 адам жарақат алғанын жазған едік.