10:54, 20 Мамыр 2009 | GMT +5
«Көкшетау, тілегіңді ұштым тілеп» атты жыр кеші ақынның шығармашылық есебіне арналды
КӨКШЕТАУ. Мамырдың 20-сы. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ -Ақмола облыстық драма театрында өткен «Көкшетауым, тілегіңді ұштым тілеп» атты жыр кеші ақын, белгілі журналист Қорғанбек Аманжолдың шығармашылық есепті кездесуіне арналды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Көкше жерінде дүниеге келген Қорғанбек Қалымтайұлы Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын аудандық «Зеренді таңында» бастап, облыстық «Көкшетау правдасы», республикалық «Ауыл» газеттерінде жемісті еңбек етті, бүгінде «Егемен Қазақстан» газетінің Алматы қаласы бойынша қосының жетекшісі. Осы жылдарда ондаған өлеңдер, очерктер, аудармалар жинағын қалың оқырмандарына ұсынып, өз бағасын алған. Алғашқы тырнақалды туындысы «Тың тынысы» ұжымдық жыр жинағымен қауышқан қалың оқырман кейін «Қарлығаш», «Зеренді қарағайлары» жыр жинақтарын, «Зұлмат пен Ғибрат», «Ғибраты мол ғұмыр» сериясымен «Мақтай Сағдиев» атты деректі эссесін жылы қабылдады. Жыр кешіне қатысқан «Егемен Қазақстан» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов студенттік шақтарынан ұмытылмас естеліктерімен бөлісіп, ақынның философиялық пайымдауларға толы жырлары, журналистік ізденістері жайында ойымен бөліссе, белгілі ақын Серік Тұрғынбек тілдік, стилдік, сөз ұйқасындағы өзіндік ұстанымын тілге тиек етіп, әркімді де ойландыратын, толғандыратын шығармаларымен қуантып отырғанын атап көрсетті. Елбасының «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында американдық жазушы Герман Мелвилдің «Моби Дик немесе ақ кит» романы Қорғанбектің аудармасымен қазақ оқырманына жол тартты. Оның сыртында Орынбай Жанайдаровтың « Ежелгі Қазақстан мифтері», «Ежелгі Қазақстан аңыздары» кітаптарын тәржімалады. Есепті кездесу таяуда жарық көрген «Сабат» жыр туындысы негізінде өрбіп, сол тұрғыда жылы пікірлер айтылды. Жүздесу соңында көңіл түкпірінде ыстық ықылас қалдырған тырнақалды шығармашылық кешінің ертеңгі күні тың туындыларға, жаңа ой орамдарына қозғау салары сөзсіз екендігін жеткізген Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Қорғанбек Аманжол қалың оқырманға алғысын білдірді. Кештің өне бойында ақынның өлеңдеріне жазылған әндер орындалды. Облыс әкімі атынан «Арқа ажары» облыстық газетінің редакторы Жабал Ерғалиев алғыс хат тапсырып, иығына шапан жапты. Ал бұған дейін облыстық мәслихаттың хатшысы Өмірсерік Мұсабаев ақынды қабылдап, ыстық ықыласын білдірген болатын.