Көкшетауда әскери колледждің 36 курсанты ем қабылдап жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасы ҚР Қорғаныс министрлігінің Шоқан Уәлиханов атындағы Әскери колледжі курсанттарының денсаулық жағдайына қатысты соңғы мәліметті жариялады.

аурухана
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

3 ақпандағы жағдай бойынша Көкшетау қаласындағы Жұқпалы аурулар орталығынан 25 кадет шығарылды. Қазіргі уақытта орталықта барлығы 36 адам ем қабылдап жатыр, оның 35-і – балалар, біреуі – ересек адам.

– Ауыр жағдайдағы науқастар жоқ. 9 баланың жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр, қалған 27 курсанттың жағдайы қанағаттанарлық, – деп мәлімдеді ведомстводан.

Ведомство дерегінше, індет басталғалы бері барлығы 46 кадет ауруханадан шығарылған. Әскери колледждің провизорлық изоляторында 46 курсант карантинде жатыр. Барлығы медицина қызметкерлерінің бақылауында.

– Емдеу толық көлемде жүргізіліп жатыр, ауруханаға жатқызылғандардың өміріне қауіп жоқ, – деп атап өтті басқарма өкілдері.

Еске салайық, бастапқыда Щучинск қаласындағы әскери колледжде 60-тан астам кадеттің қызылша жұқтырғаны хабарланған болатын.

Кейін облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ауруханаға жатқызылған кадеттер саны 71-ге жетіп, олардың 24-інде қызылша зертханалық жолмен расталған.

Соңғы жаңалықтар