Көкшетауда бастауыш сынып оқушысының мектеп формасы қанша тұрады

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Көкшетауда бастауыш сынып оқушысының мектеп формасына шамамен 88 мың теңге қажет. Брендтік киімдер мен фирмалық дүкендерде баға екі-үш есеге қымбат, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Оқу жылы жақындаған сайын ата-ана баласын мектепке дайындай бастады. Яғни, киім-кешек, аяқ киім, сөмке, мектепке қажетті құрал-жабдықтар сияқты керек-жарағын сатып алады. Баласы қатардан қалмасын деген ата-ана мүмкіндігінше тәуір киім әперуге тырысады.

Көкшетау қаласында бастауыш сынып оқушыларына арналған мектеп формаларының бағасы базарда 33 000 теңгеден басталады. Яғни, қыздардың юбкасы 9 000 теңге, жилеті 6 000 теңге, көйлегі 9 000 теңгеден сатылып жатыр. Ал колготкиді 1 000-1 200, аяқкиімді 8 000 теңгеден сатып алуға болады.

Бұл баға қыздардың пиджагі мен шалбарын және спорттық киімдерін есептемегенде, осындай болып тұр.

Бір балаға бір комплект спорттық киімнің бағасы 25 000 теңгеден жоғары (спорттық костьюм шалбар 13 000 теңгеден, крассовка 10 000 теңгеден, футболка 2 000 теңгеден).

Бастауыш сыныптарда оқитын ұлдардың мектеп формасын алатын болсақ, шалбар – 9 000 теңге, көйлек – 8 000 теңге, аяқкиім – 8 000, галустук – 1 300, бантик – 300, пиджак 14 000 теңгеден басталады.

Әрине, жоғары сынып оқушыларына бұл тауарларды сатып алу қымбатқа түседі.

Бұдан бөлек, дәптер бағасы – 35 теңге, қаламсап – 150 теңге, сөмкелер 13 000 теңгеден басталады.

Көкшетау қаласының тұрғыны Гүлшат Ыбраеваның қызы бастауыш сыныпта оқиды. Оның сөзінше, бір баланы мектепке даярлау үшін жұмсалатын ақшаның соммасы 100 мыңнан кем болмайды.

«Менің қызым баратын мектепте оқушылардың формасы ер балалар үшін қара көк немесе қара кастюм шалбар, ақ көйлек. Ал қыздар үшін бір түсті қара көк кастюм юбка және ақ көйлек. Қазір кез келген ата-ана баласын шамасы келгенше тәуір киіндіргісі келеді. Ешкім баласын жұрттан қалсын демейді, керсінше алды болсын деп тілейді. Мен қызымды мектепке әзірлеу үшін үнемдегеннің өзі шамамен 100 мың теңгеге жуық қаржы жұмсадым. Оның өзі керек-жарақтың барлығын алып үлгерген жоқпын. Ертең сабақ басталған кезде ұстаздар анау қажет, мынау қажет деп сұрай бастайды. Сол кезде нақты қанша жұмсағаныңды, қанша ақша кеткенін білесін», - дейді Гүлшат Ыбраева.

Айта кетсек, барлық киімнің бағасы өндіріліп отырған елге байланысты. Әрине, базарда саудаласуға болады. Ал ең арзан тауарлар Қытай мен Бішкектен әкелінсе, Түркия және Оңтүстік Кореялық бренд киімдердің және фирмалық дүкендердегі бір тауардың бағасы 16 000 теңгеден жоғары.

Сонымен қатар Көкшетау базарларынан өзіміздің отандық өнімді де сатып алуға болады. Алайда әзірге, оның сапасы сын көтермейді. Оған қоса ассортименті аз және кейбір өлшемдерін табу қиын. Сол себепті көпшілігі қымбат та болса, Түркия және Оңтүстік Кореядан әкелінген киімдерді сатып алуға тырысады.


Соңғы жаңалықтар