23:15, 14 Тамыз 2024 | GMT +5
Көкшетауда электр сымдарының қысқа тұйықталуына байланысты 70 адам эвакуацияланды
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM — Көкшетауда электр сымдарының қысқа тұйықталуына байланысты 70 адам эвакуацияланды, оның 16 бала.

Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға облыс орталығының автоқалашық шағынауданында Жамбыл көшесі 134А мекенжайы бойынша орналасқан көппәтерлі тұрғын үйде болған.
«Үйдің кіре берісіндегі электр сымдарының қысқа тұйықталуы салдарынан 70 адам, оның ішінде 16 бала баспалдақтың көмегімен эвакуацияланды. Қайтыс болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Қазіргі кезде электр сымдарындағы ақаудың себебі анықталып жатыр», — деп түсіндірді ведомстводан.
Айта кетсек, бұдан бұрын Көкшетауда сауда үйіндегі өрттен 50-ден астам адам эвакуацияланғанын жазған едік.