Көкшетауда қар жауды
АСТАНА. KAZINFORM – Синоптиктердің мәліметінше, алдағы тәуліктерде жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын болады.
3 қарашаға қараған түні Көкшетауда алғашқы қар жауды. Алайда ауа температурасының нөлден жоғары болуына байланысты қар біртіндеп еріп жатыр.
2 қараша күні, 112 қызметі ақмолалықтарды 3 қарашада өңірде боран болатыны туралы ескерткен болатын. Жел оңтүстік-шығыстан солтүстікке ауысады, таңертең және күндіз екпіні 15–20 м/с-қа дейін жетеді, ал 3–4 қараша күндері қар жауады деп болжанған.

«Қазгидромет» РМК Ақмола облысы филиалының 1-санатты инженер-синоптигі Гүлжан Баймұқанованың айтуынша, облыс аумағында тұрақсыз сипаттағы циклон сақталып тұр.
- Облыс бойынша жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын болып жатыр, боран мен көктайғақ болады деп болжанады. Батыс пен солтүстік-шығыста тұман. Ауа температурасы түнде минус 3 пен плюс 2 градус аралығында, күндіз де сол шамада. Шығыста плюс 4 градус. Көкшетау қаласы бойынша күндіз шамамен нөл градус. Алдағы тәулікте жаңбыр мен қар болжанады. Сонымен қатар ылғал, қар мен температураның ауысуы салдарынан көктайғақ, күндіз боран болады, - деді Гүлжан Баймұқанова.
Маманның айтуынша, 7 қарашаға дейін түнде облыс бойынша қар жауады, күндіз қар солтүстікте, шығыста және оңтүстікте байқалады, кейде қар қалың түсуі мүмкін. Желдің екпіні 15–20 м/с, түнде ауа температурасы минус 5–10 градус, күндіз минус 3–8 градус шамасында болады деп болжанып отыр.
Айта кетсек, Қазгидромет РМК 3 қарашада еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын болатынын болжады.