Көкшетауда көпбалалы Пирожковтар отбасына құрмет көрсетілді

Бір ұл, үш қыз тәрбиелеп отырған ерлі-зайыпты Андрей мен Олеся Пирожковтар - облысымыздың өнегелі отбасыларының бірі. Отағасы адал еңбек етіп, отбасын асыраса, жұбайы бала тәрбиесімен айналысады. Отағасы жүргізуші болып жұмыс істейді. Үш қызы мектепке барады. Өткен жылы кіші балалары дүниеге келген екен. Әкелері жұмыста болғанда балалары аналарына үй шаруасына көмектеседі. Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов оларға соңғы үлгідегі теледидарды, балғындарға ойыншық, тәтті толы қоржынды, гүл шоқтарын сыйға тартып, шаңырақтарындағы береке-бірліктің мәңгіге арта беруін, денсаулықтарының мықты болып, келешекте осы үйдің ұл-қыздары мемлекетіміздің беделді азаматтары болып өсуін тіледі.
Өз кезегінде отбасы мүшелері де осынау сый-құрметтері үшін шексіз алғыстарын, еліміздің одан әрі өркендеу беруіне ниеттес екендіктерін жеткізді.