Көкшетауда көше жарығына бөлінген қаржыдан 126 млн теңге артық төленген
АСТАНА. KAZINFORM — Көкшетауда көше жарығын орнатуға арналған жоба бойынша бюджет қаражаты негізсіз жұмсалған. Қала прокуратурасы талдау барысында жоба құнының жасанды түрде көтерілгенін анықтады.
Әңгіме «Көкшетау қаласының көшелерін жарықтандыру» мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы туралы болып отыр.
Прокуратураның мәліметінше, жоба аясында тартылған материалдар мен жабдықтардың құнына тиісті экономикалық негіздеме жасалмаған.
Мысалы, келісімшартта қуаттылығы 120 Вт болатын бір шамның бағасы 80 мың теңге деп көрсетілген. Алайда оның нарықтағы құны шамамен 52 мың теңге болған. Осылайша, бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігі мен негізділігі қағидалары бұзылып, жоба құны 126 млн теңгеге негізсіз көтерілген.
Қадағалау шараларының нәтижесінде негізсіз төленген 126 млн теңге мемлекет бюджетіне өндірілді.
Еске салайық, бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті Айыртау ауданындағы құрылыс кезінде бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеп-тексеру жүргізіп жатқанын жазғанбыз.