Көкшетауда қыздарды жезөкшелікке мәжбүрлеп келген күдікті қолға түсті

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда адам саудасымен айналысқан және жас қыздарды заңсыз бас бостандығынан айырған күдікті қолға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Көкшетауда қыздарды жезөкшелікке мәжбүрлеп келген күдікті қолға түсті

«Қылмыс «Тоқта трафик» арнайы жедел-алдын алу шарасы кезінде анықталды. Биылғы жылдың маусым айында ІІД Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері Көкшетау қаласында адам саудасына қатысты бірнеше рет қылмыс жасаған ер адамды ұстады. Күдіктіден зардап шеккендер жеңіл жүрісті 22-30 жастағы бойжеткендер.

Күдіктіні анықтап, ұстау үшін кешенді шаралар қолға алынды. Қазіргі кезде күдіктінің 7 қылмысқа қатысы бары анықталды. Оның ішінде 2 рет ҚР ҚК-нің 126-бабы бойынша (заңсыз бас бостандығынан айыру), 2 рет ҚР ҚК 194-бабының 2-бөлігі бойынша (бопсалау), 1 рет ҚР ҚК-нің 125-бабы 3 бөлігі бойынша (адам ұрлау), 1 рет ҚР ҚК-нің 308-бабы 2 бөлігі бойынша (жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеу) және 1 рет ҚР ҚК 309-бабының 2-бөлігі бойынша (жезөкшелік және жеңгетайлықпен айналысу үшін қорда ұстау және ұйымдастыру) қылмыс жасаған»,  -деп түсіндірді ІІД баспасөз қызметіндегілер.

Полицейлердің дерегі бойынша күдікті қыздармен дәмханада танысып, кейін алдап жалдамалы пәтеріне апарып отырған.  Онда зардап шегушілерге күш көрсетіп, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген.  Сонымен қатар, күдіктінің жыныстық қызмет көрсететін қыздардан бірнеше ай бойы ақша бопсалап келгені де анықталды.

Қазіргі кезде куәгерлерден түсініктеме алынып, күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына тоғытылды.