Көкшетауда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт кешені ашылды
Ведомствоның мәліметінше, Васильковка шағын ауданында орналасқан кешеннің ашылуына аймақ басшысы Ермек Маржықпаев қатысып, Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған бұқаралық спортты дамыту жөніндегі міндеттердің өңірде ойдағыдай жүзеге асырылып отырғандығын атап өтті.
Екі қабатты жаңа спорттық нысан мүмкіндігі шектеулі жандардың дене шынықтырумен жəне спортпен жүйелі түрде айналысуына жағдай жасау, барлық жастағы мүгедектерді оңалту мақсатында ашылып отыр.
«Мүмкіндігі шектеулі жандардың дене шынықтырумен айналысуына мүмкіндік беретін «Дарын» спорт кешенін ашуға қол ұшын созған барлық меценаттарға, Ақмола облысының жекпе-жек федерациясына шынайы алығысымды білдіремін», - деді аймақ басшысы кешеннің ашылу рәсімінде.
Нысанда мүгедектер үшін жаттығу тегін, сонымен қатар, қала тұрғындары да абонемент жүйесі арқылы келіп жаттыға алады.
Əлеуметтік жоба жетекшісі Жасұлан Жантасовтың айтуынша, кешеннің бірінші қабатында жаттығу залы, компьютерлік сауаттылыққа үйрететін кабинеттер, еGOV өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы, сауна, емдеу-массаж кабинеті, ал, екінші қабатында жекпе-жек, фитнес залдары орналасқан. Оқу-жаттығу кəсіби жаттықтырушы-оқытушылардың нұсқауымен жүргізіледі. Дене шынықтыру-сауықтыру жəне спорттық қызметтерді көрсету кезінде де кəсіби нұсқаушылар кезекшілік етеді. Мұнда сағатына 60 адам жаттыға алады. Мүмкіндігі шектеулі жандарды кешенге инватакси көліктері жеткізіп отырады.
Айта кетсек, бүгінгі күні Ақмола облысында 25 мың мүмкіндігі шектеулі жан тұрса, оның 30 пайызы спортпен шұғылданады. Олардың арасында халықаралық, республикалық жарыстарда көптеген спорт түрлерінен топ жарып жүргендер бар.