Көкшетауда республикалық жалпыұлттық «Үлкен ел - үлкен отбасы» акциясы бастау алды (ФОТО)

Облыс орталығындағы Достық үйінде өткен шараға Ақмола облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов, облыстық департаменттер, басқармалар басшылары, этномәдени орталықтар өкілдері және депутаттар қатысты.
Құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов өткен жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында ҚХА Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған шараның маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ, шара барысында биылғы жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығы бүкіл ел болып атап өтілетіні де айтылды. Осы орайда, Ақмола облысында 30-дан астам іс-шара өткізу жоспарланып отыр.
Бұл күні сондай-ақ, бірқатар этно-мәдени бірлестік жетекшілеріне марапат көрсетілді. «Өзбек мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Тожибуви Медетова Мемлекет басшысының Алғыс хатымен марапатталып, оған «Қазақстан халқы Ассамблеясына - 20 жыл» мерекелік медалі табыс етілсе, «Ақмола облысының орыс қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Александр Артеменко Елбасының Алғыс хатына, ал, мәдениет және қоғам қайраткері Ғосман Төлеғұл Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрмет грамотасына ие болды.
Шара барысында «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов, «Видергебурт» Ақмола облысының неміс қоғамы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Людмила Ленева құттықтау сөз сөйлеп, еліміздегі бейбітшілік пен ауызбіршілік, татулық пен түсіністіктің туын биік ұстайтындарын жеткізді.