Көкшетауда су басқан үйлердің тұрғындарын құтқарушылар қайықпен және жаяу арқалап шығарып жатыр
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM - Көкшетау қаласында Қылшақты өзенінің арнасынан асып кетуіне байланысты 8 жеке үйді су басты, сондай-ақ, 28 жеке үйдің және 7 көпқабатты тұрғын үйдің ауласы су астында қалды.

Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытта Қылшақты өзенінің жағалауын нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр, яғни 280 тонна инертті материал төселіп, 150 м жағалау нығайтылды. Сонымен бірге 110 м канал мен арықтар кеңейтіліп, тереңдетілді. Нысандардың айналасына құм салынған 310 қап төселді, 1000 астам текше метр су сорылды.

Су басу қаупі бар учаскелерінде полиция және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлерінен кезекшілік ұйымдастырылды. Су тасқынымен күресу үшін ТЖД жеке құрамның 59 адам және 4 бірлік техника, 9 мотопомпа, азаматтық қорғау академиясынан 63 адам, 2 бірлік техника, ПД жеке құрамнан 7 адам және 7 бірлік техника, ЖАО 126 адам, 64 бірлік техника, 10 бірлік мотопомпа жұмылдырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр.

Айта кетсек, бұдан бұрын Көкшетауда Қылшақты өзені арнасынан асып, теміржол вокзалы маңын су басқанын жазған едік.
