10:54, 09 Қаңтар 2010 | GMT +5
Көкшетауда су құбырлары жарылып, жарты қала сусыз қалды
КӨКШЕТАУ. Қаңтардың 9-ы. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Кеше түнде Көкшетауда 250 және 700 миллиметрлік су құбырлары жарылып, қаланың басым бөлігі судан ағытылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Көкшетау су арнасы» мемлекеттік коммуналдық мекеме директоры Бақытжан Ахметовтың айтуынша, тозығы жеткен су құбырлары 23-00 кезінде жарылып, дереу арнайы бригада жұмысқа кіріскен. Апатты жағдайды ретке келтіруге 20 адам, он техника жұмылдырылып, ақау жөнделген. Ал Жеңіс көшесі бойындағы 700 миллиметрлік су құбырында қалпына келтіру шаралары жалғастырылуда. Ақаулы құбыр қала тұрғындарына суды кесте бойынша жіберуге душар етіп отырған көрінеді. Жөндеушілердің іс-әрекетіне ауа райының күрт суып кетуі кері әсер етуде.