Көкшетауда үйінен кетіп қалған жасөспірім бес күн бойы Петропавл көшелерінде түнеген

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бес күн бұрын жоғалған 15 жасар көкшетаулық жасөспірім Петропавл қаласынан табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, маусымның 1-де Көкшетау қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын хабарласып, 15 жасар ұлы жоғалғанын айтқан.

Ер адамның сөзінше, ұлы үйінен шығып, қайтып оралмаған. Отбасында жасөспірім кетіп қалатындай ұрыс-керіс те болмаған.

Бірақ бозбала осыған дейін де үйінен кетіп қалып жүрген.

«Анықталғандай, жасөспірім Солтүстік Қазақстан облысына InDriver таксиімен кетіп қалған. Сол күні тәртіп сақшылары дереу жүргізушімен радиобайланысқа шығып, кәмелетке толмаған бала үшін жауапкершілік барын ескертті. Алайда, Петропавлға жеткен бойда жасөспірім көліктен түсіп кетіп қалды», - деді ведомстводан.

Департаменттің баспасөз қызметінен атап өткендей, жасөспірім бірнеше күн бойы Петропавл көшелерін кезіп жүрген.

«Қолындағы телефонын сатып, азық-түлік сатып алған. Ал, түнде қамыста түнеген. Ол өзінің үйден не себепті кеткенін түсіндіре алмады. Қазіргі кезде бала туыстарына тапсырылды. Ата-анасы және жасөспірімнің өзімен профилактикалық әңгіме өткізілді», - деп толықтырды ведомстводан.

Айта кетсек, осыған дейін Ақмола облысында 42 жастағы әйел із-түзсіз жоғалған болатын.



Соңғы жаңалықтар