Көкшетауда Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күрес күніне орай митинг өтті
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күрес күніне орай минитнг өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осы мәселе бойынша қарар жобасы Қазақстан тарапынан ұсыныс тапқан болатын. Оған Армения, Беларусь, Тәжікстан және Түркіменстан тәрзді 26 мемлекет қолдау көрсетті. Соның нәтижесінде 1991 жылдың 29 тамызында ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигоны ресми түрде жабылды. Бұл еліміздің әлемдегі ең ірі ядролық қару арсеналынан бас тартудағы алғашқы қадамы болды.
Митингке үкіметтік емес және жастар ұйымдарының, Чернобыль апатының залалдарын жоюға қатысушылар, Семей полигонының тұрғындары және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Жиналғандар ядролық сынақтан зардап шеккендерді бір минут үнсіздікпен еске алды.
Қатысушылар алдында сөз сөйлеген Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева осыдан 27 жыл бұрын Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бастамасымен әлемдегі ең ірі ядролы сынақ полигоны жабылғанын атап өтті.
«Қазақстанның ядросыз бастамасының соңғы жылдары нәтижесін және ядролық қаруды мүлдем тыюдағы маңыздылығына көз жеткізіп отырмыз. Осылайша, Қазақстан одан әрі де ядролық қарусыз әлем орнатуда белсенділік таныта беретін болады», деп атап өтті Г.Шөкеева.
Сонымен қатар, Семей полигонының тұрғыны Өсербек Сәрсенбаев ядролық қарусыз бейбітшілік орнатуда белсенді болуға шақырды.
Еске сала кетейік, 1945 жылдан бастап, бүкіл дүниежүзінде барлығы 2000-нан астам ядролық қару сынақтан өткізілді. Оның 460 Семей полигонында жүзеге асырылды. Одан миллиондаған адам зардап шекті. Митингте бейбітшілік символы және ядролық қарудан бас тарту ретінде ақ көгершіндер ұшырылды.