04:25, 14 Тамыз 2023 | GMT +5
Көкшетауда жалдамалы пәтерінде марихуана сақтаған ер адам ұсталды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Көкшетауда марихуана сақтады деген күдікпен Жамбыл облысының тұрғыны ұсталды. Күдіктінің жалдамалы пәтерін тінту кезінде 1 кг астам марихуана тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, 51 жастағы күдікті Ақмола облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қолға түскен.
«Күдікті - Жамбыл облысының тұрғыны, Көкшетауға құрылысқа жұмыс істеуге келгені анықталды. Оның жеке заттары мен жалдамалы пәтерін тінту кезінде 1 кг 100 гр кептірілген марихуана табылды. Күдікті марихуананы өзі қолдану үшін ала келгенін айтты. Қазіргі кезде күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 296-бабының 4 бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды», - деді ведомстводан.
Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында есірткі сайттарын жарнамалаған екі петропавлдық сотталғанын жазған едік.