08:39, 27 Қаңтар 2009 | GMT +5
Көкшетауда «Жас саясаткерлер клубы» ашылды
КӨКШЕТАУ. Қаңтардың 27-сі. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - «Нұр Отан» халықтық-демократия партиясы Көкшетау қалалық филиалы жанынан жаңада ашылған «Жас саясаткерлер клубы» өз жұмысын бастады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Нұротандықтардың бастамасымен қолға алынған игілікті істің басты мақсаты жастар арасында шешендік өнерді кеңінен өрістету, пікір алмасуға баулу, өз ойын тұжырымды жеткізуге бейімдеу, мемлекеттік қызметке деген ынта-ықыластарын арттыру болып табылады. Клубтың тұсаукесеріне жиналған саясаткерлер, психологтар, әр деңгейдегі мәслихаттар депутаттары, жастар қоғамдық бірлестіктерінің, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ, мемлекеттік қызмет органдарының өкілдері қатысып, өз ой-пайымдауларымен бөлісті. Тыңдаушылары негізінен 17-і мен 29 жас аралығындағы буынды қамтиды. Ұйым сонымен бірге жастарды заң ілімдерімен таныстыруды, саяси ой-өрісін кеңейтуді, саясаттану ілімін меңгеруге жәрдемдесуді мұрат санайды. Мұнда көкшелік саясаткерлер,ғалымдар, жоғары оқу орындарының ректорлары, психологтар, газет редакторлары мен білікті мамандар дәріс беретін болады. Жыл бойы тегін ілім алған жас саясаткерлер арнайы куәлікке иелік етпек. Бүгінде клубта елу жас тыңдаушы білім алуға кірісіп те кетті.