Көкшетауда журналистерге құрмет көрсетілді - Ақмола облысы (ФОТО)

Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай «Дәстүр» мейрамханасында ұйымдастырылған салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов ақпарат саласының ыстығы мен суығына төзіп, еңбек етіп жүрген бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен ардагерлерді құттықтап, жүрекжарды жылы лебізін білдірді.
Шарада Қазақстан Республикасы Ақпарат және байланыс министрлігінің, облыс әкімінің, облыстық басқармалар мен ведомстволардың атынан түрлі сыйлықтарға ие болған журналистер марапатталды. Бағалы сыйлықтармен, алғыс хаттармен марапатталғандардың арасында «ҚазАқпарат» ХАА агентігінің өңірдегі тілшісі де бар. Мерекелік шара барысында журналистердің қатысуымен өткен «Қос жұлдыз» байқауының лауреаттары мен жергілікті өнерпаздардың концерті және «Қазақстан дауысы» ұлттық ән байқауының жеңімпазы Шахаризат Сейдахметтің орындауындағы әсем әндер ұсынылды.
Еске сала кетейік, бүгінгі таңда өңірде 96 бұқаралық ақпарат құралы тіркелген. Оның 81-і баспа да, 15 электронды бұқаралық ақпарат құралдары. Сондай-ақ, республикалық БАҚ-тың жиырмадан астам меншікті тілшілері жұмыс істеуде. Мемлекеттік БАҚ жалпы өңірдегі ақпарат кеңістігінің 45 пайызын құрап отыр.