Көкшетаудағы тарихи-мәдени мұра ескерткіштерінің бірі - көпес Соколов үйі
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM - Биыл Көкшетау қаласының іргесі қаланғанына 200 жыл толады. Бүгінгі таңда облыс орталығынан замануи әсем ғимараттарды ғана емес, көне сәулет ескерткіштерін де кездестіруге болады.

Қаланың тарихынан сыр шертетін ғимараттардың бірі - Қорған қаласынан көпес Андрей Соколов салған үй және екі қабатты кірпіш ғимарат.
Ақмола облысының тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы мамандарының мәліметінше, бір қабатты ағаш ғимарат Қорған қаласынан келген ІІ гильдия саудагері Андрей Соколовтың үйі болған, 1917 жылға дейін онда саудагердің отбасы тұрған. Ал екі қабатты кірпіш ғимаратта – шіркеу заттары, мануфактура, жібек және өзгеде маталар, шай мен қант сататын дүкен болды. Ішкі бөлігі адам бойындағы үлкен айналармен безендірілген, баспалдақтар кілеммен жабылған, ғимараттың жертөлесінде қоймалар орналасты. Үй мен дүкен ғимараты шамамен 1891 жылы салынған.

Дүкеннің ішкі безендірілуі үшін сол кездегі ең жақсы материалдар пайдаланылды. Бірінші қабаттағы еденіне барон Эдуард Бергенгеймнің Харьков зауытында жасалған керамикалық плиткалар төселген.
«Саудагердің дүкені - екі қабатты, кірпіштен қаланған, тікбұрышты ғимарат, ХІХ ғасырдың аяғында Көкшетаудағы алғашқы және жалғыз кірпіштен салынған екі қабатты ғимарат осы болды. Қасбеттің ерекшелігі-жартылай баған түрінде тіректерде ойылып жасалған терезе тақтайшаларында. Аулаға апаратын көше қақпалары кірпіштен жасалған үш аралықты арка түрінде жасалған, ортасында кең жол және бүйірлерінде кішігірім өткелдер бар. Орталық бөліктің астында ауланың бүйірінен бөлек кіреберісі бар жертөле орналасқан. Үй мен дүкеннің арасында кең аула, периметрі бойынша шаруашылық ғимараттар, сондай – ақ үлкен фонтаны бар жақсы күтімді бақ болды», - дейді Ақмола облысының тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының бас инспекторы Гүлім Рахымжанова.

Көп ұзамай, 1917 жылы желтоқсанда Көкшетау қаласында Кеңес өкіметі бейбіт жолмен құрылды. 1918 жылы А. Соколовтың дүкені мен үйі жаңа биліктің меншігіне берілді. 1919 жылы ағаш үйде Көкшетау уездік революциялық комитеті, 1920 жылдары-кітапхана, 1930 жылдардан бастап ХХ ғасырдың 70-жылдары аралығында НКВД, облыстық кәсіподақтар одағы, әдебиет және өнер мұражайы орналасты. Дүкен ғимаратында мемлекеттік мекемелер, кәсіпорындар болды, яғни 1976 жылға дейін ол ІІБ-ге, содан кейін музыка училищесінің ұжымына тиесілі болды, сонымен қатар Көкшетау қаласының Суретшілер Одағының көркемсурет шеберханалары жайғасты.
Қазіргі уақытта екі ғимарат та Ақмола облысы ҰҚКД-ның аумағында орналасқан.

«Көпес А. Соколовтың тұрғын үйі мен дүкені - Көкшетау қаласының тарихи орталығында орналасқан революцияға дейінгі ғимараттардың бірі. Ғимараттар мемлекеттік қорғауда, тарихи-мәдени мұра ескерткіштерінің мемлекеттік тізімінде көрсетілген», - деп түйіндеді Гүлім Рахымжанова.
Айта кетсек, бұдан бұрын бір кездері В.В.Куйбышевтің үйі болған ғимарат туралы жазған едік.