Көкшетаудағы жол апаты: тергеу амалдары қашан аяқталады
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Көкшетауда адам өліміне себеп болған жол апатына қатысты тергеу амалдарына түсінік берді.
Оның айтуынша, аталған дерек бойынша екі қылмыстық іс қозғалды. Жүргізушіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы бойынша бір іс қозғалды. Сот үйқамаққа алу туралы шешім шығарды.
- Сонымен қатар көлікті басқаруды заңсыз берген адамға қатысты Қылмыстық кодектің 349-бабы бойынша қосымша қылмыстық іс қозғалды. Автотехникалық сараптаманы алғаннан кейін, бір ай ішінде тергеуді аяқтауды жоспарлап отырмыз, - деді С.Әділов Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның сөзіне қарағанда, 349-бап бойынша 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Бұған дейін хабарланғандай, жақында Көкшетау қаласының Сарыарқа шағын ауданындағы аулалардың бірінде адам өлімімен аяқталған жол-көлік оқиғасы болды.
Белгілі болғандай, ер адам көлікті жүргізуші куәлігі жоқ жұбайына берген. Салдарынан облыс орталығындағы аулалардың бірінде әйел адам жаяу жүргіншіні қағып, ол оқиға орнында көз жұмды.