Көкшетаудағы оттегімен тыныстау аппаратуралары зауыты жарты ғасырлық мерейтойын атап өтті
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осыдан елу жыл бұрын ірге тасы қаланған кәсіпорын әуе қатынасы өндірісі мен әскери-техникалық салаға қажетті сұраныстарды қанағаттандыруға бағытталған болатын. Зауыт жыл басынан бері 1,2 миллиард теңгенің өнімін өндірген, бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 40 пайызға артық. Оның жартысынан астамы әуе қатынасы тапсырыстары бойынша орындалған. Негізгі тапсырыс берушілер - «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы», «Ақтөбемұнайгаз», «Қазақтелеком», «Қазцинк», «Стил» сынды акционерлік қоғамдар мен іргелі өндіріс орындары, алыс және жақын шет ел әуе қатынасы жүйесі. Қоғамда қазіргі кезде 80 түрлі өнім игерілген. Ағымдағы жылдан бастап еліміздің коммуналдық шаруашылығына қажетті әр деңгейдегі полиэтилен құбырларын шығару өндіріске енгізілді.
Салтанатты жиында кәсіпорынның байырғы қызметкерлері, кейінгі буын өкілдері сый-құрметке бөленіп, мереке соңы концертке ұласты.