Көкшетаулық әйел 22 жастағы қызды 15 мың теңгеге сатқан
Полицейлердің мәліметі бойынша, ағымдағы жылдың 1-5 желтоқсан аралығында өткен шара барысында 16 рейд ұйымдастырылды. Оның ішінде адам саудасына қатысты 6-ы қылмыстың беті ашылды. Шараға ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы, экстремизммен күрес бөлімі, әкімшілік және көші-қон полициясы бөлімшелерінің қызметкерлері тартылып, өндіріс нысандары, көңіл көтеру орындары және монша, қонақ үй кешендері тексерілді.
Тексеріс барысында Көкшетау қаласында адам сату фактісі тіркелді. Онда жергілікті тұрғынның 22 жастағы қызды 15 мың теңгеге сатқаны анықталды. Осыған байланысты ҚР ҚК 128-бабының 1-бөлімі бойынша (адам саудасы) қылмыстық іс қозғалды.
Сонымен қатар, 22 және 18 жастағы екі қыздың жезөкшелікпен және 3 адамның жеңгетайлықпен айналысқаны белгілі болды. Бұл аталған фактілер бойынша да қылмыстық іс қозғалды.