Көкшетаулық әже он бес баласынан 46 немере, шөбере және немене көрген

Екі мәрте Батыр Ана, еңбек ардагері, тыл еңбеккері Гүлбаршын апа бұрынғы Көкшетау облысының Рузаев ауданында дүниеге келіпті.
83 жастағы алтын құрсақ ана 15 баланы дүниеге әкелген. Қазіргі күні солардан 30 немере, 15 шөбере және 1 немене сүйіп отыр.
Халықаралық әйелдер күніне орай Ақмола облысы әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысов «Алтын алқа» иегері, көпбалалы ананың шаңырағында болып, мерекемен құттықтады.
«Облыс басшысының атынан Сізді көктем мерекесімен құттықтаймын! Қасыңызда балаларыңыз, немерелеріңіз, шөберелеріңіздің болуы бұл шынымен нағыз бақыт», - деді облыс әкімінің орынбасары.
Мерекелік дастархан басында Гүлбаршын әже балалары мен немерлерін еліміздің лайықты азаматы етіп тәрбиелеп, өсіргенін айтып берді.
Кейуананың айтуынша, ол ерте сегіз жасынан бастап еңбекке араласқан. Соғыс уақытында алқапта ересектерге көмектескен.
Кейін балалы ана болған кезінде де колхозда еңбек еткен. Ол еңбектен ешқашан да қол үзбеген.
Гүлбаршын Кәкенова бастапқы да өзінің өмірлік серігімен бірге Зеренді ауданына қарасты Баратай ауылында тұрған. Балалары да сонда ержеткен. Кейін, яғни осыдан 20 жыл бұрын отағасынан айырылған қарт ана бүгінде балаларының, немере-шөберелерінің қызықтарын көріп, бақытты ғұмыр кешуде.