Көкшетаулықтар Ақтөбеде қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтты

«Жуырда Ақтөбеде орын алған ауыр жағдай күллі қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырғаны ақиқат. Мемлекет басшысы бүгінгі күнді жалпыұлттық аза тұту күні деп белгіледі. Елбасымыз атап өткендей, осындай сындарлы сағаттарда баршамыз бірігіп, тұтастығымызды, ауызбіршілігімізді көрсетуіміз қажет.
Қазіргі кезде Ақтөбеде жағдай біршама тұрақтандырылғанын бұқаралық ақпарат құралдарынан естіп, біліп жатырмыз. Келешекте де бәрі оңалып, қылмыскерлер құрықталып, адам өліміне, азаматтардың тыныштығының бұзылуына себепші болғандар заңның қатаң талаптарымен жазалатынына сенімдіміз. Біздің ұжым да қаза болған азаматтардың отбасыларына қайғырып, көңіл айтады», - деді тігінші Мария Гарбовская.
Сонымен қатар кәсіпорынның қауіпсіздік қызметінің басшысы Павел Репухов жалпыұлттық аза тұту күні тәуелсіздігіміз бен елдігімізді, бірлігімізді сақтаудың қаншалықты құнды екендігін санамызға онан әрі сіңіре түсетіндігін атап өтті.