Көктайғақ: Ақмола облысында 2 мың автокөлік жолда қалған

Ақмола облысында ауа райының қолайсыздығынан жолда қалған 2 мыңнан астам автокөліктің жүруіне патрульдік полиция қызметкерлері көмектесті, деп хабарлайды Kazinform.

мұз
Фото: freepik.com

Аумақтық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, қарашаның 22-сінде күн райының бұзылуына байланысты ЖАО, ТЖД және ПД қызметкерлері бірлесіп, «Астана-Петропавл», «Көкшетау-Рузаевка», «Көкшетау-Омбы» және «Алматы-Екатеринбор» бағытындағы автожолдарда көлік қозғалысына шектеу қойды.

- Облыс аумағындағы барлық автокөлік жолдарында 44 патрулдік полиция экипажы, оның ішінде 88 полиция қызметкері кезекшілік етті. Соған қарамастан сол күні 8 жол-көлік оқиғасы болды. Зардап шеккендер жоқ. Жалпы, күн райының жайсыздығынан жолда қалған 2080 автокөліктің жүруіне патрульдік полиция қызметкерлері көмектесті, - деді ведомстводан.

Осы ретте, тәртіп сақшылары облыс тұрғындары мен қонақтарына ауа райы жайсыз болған күндері алыс жолға шықпауға кеңес береді.

Айта кетсек, бұдан бұрын Ақмола облысында боранда адасып қалған үш адам құтқарылғанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар