Көктем-2013: Төтенше жағдайдың алдын алу тұрғысында әкімдер үнемі талдау шараларын жүргізетін болды

«Осындай бірқатар жерасты дүмпулері туралы қандай да бір ресми орган тарапынан ешқандай хабарламаның болмауы қала тұрғындарының көңілінде үрей тудырып, дүрбелеңге салды. Заттары мен құжаттарын алып далаға жүгірген көптеген отбасылар қайта үйге кіруге қорықса, кейбір алматылықтар автокөліктерімен қала сыртына шығып, түнді сонда өткізген. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі ресми мәлімдеме жасап, жер сілкінісі жөнінде уақытында хабарланғанын айтады. Ал тұрғындардың басым көпшілігі төтенше жағдайдың алдын алуға бағытталған әрекеттерге қанағаттанбай отыр», - дейді А. Тұртаев. Оның сөзіне қарағанда, төтенше жағдайларға байланысты шаралар тиісті тараптардан алдын ала емес, керісінше, оқиғадан екі сағат өткен соң ғана қолға алынған. Атап айтқанда, бүгінгі Үкімет отырысынан кейін тілшілер сауалына жауап беру кезінде ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко халықты төтенше жағдайлар бойынша хабардар етуді ұялы байланыс операторлары іске асыратынын сөз етті. Белгілі болғандай, кезінде ұялы байланыс операторларына жиілік бөлуге тендерлер өткізілген кезде олар өз кезегінде төтенше жағдайлар жөнінде халықты хабардар ету мүмкіндігін ұсынады деген мәселе қаралған екен. Оның айтуынша, енді бүгінде ұялы байланыс компанияларының басшыларымен бірқатар кездесулер өткізілген көрінеді. Бұл тұрғыда байланыс операторларымен 100 пайыз түсіністік орнатылған. Енді қазіргі кезде халықты қашан және қандай қалыпта құлағдар етудің жағдайларын анықтайтын бұйрық әзірленіп жатыр. «Біз бұл мәселені сейсмология институтымен бірлесе қарастырудамыз», - деді ведомство басшысы.
Жалпы, бұндай ескерту желісі болуы мүмкін көктемгі су тасқыны кезінде де халықты хабар етуге де бағытталмақ. Себебі, қардың мол түсуі жауапты ведомствоны алаңдатып отырған секілді. Мәселен, Ақмола, Қостанай, Қарағанды облыстарында қардың қоры 20-50 пайызға көпжылдық орта мөлшерден жоғары. «Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының таулы және кейбір жазық аудандарында күрделі жағдай орын алып отыр. Бұл жерлерде қардың қоры 1,5 жылдық норманы құрайды.
Қардың айтарлықтай қалың түсуіне байланысты жақында Өскемен қаласында төтенше жағдай жарияланғаны мәлім. Бұл тұрғыда бүгін ШҚО әкімі Бердібек Сапарбаев көктемгі қар еруі қарсаңында Үкіметтен көмек сұрады.
«Мен Үкімет тарапынан қолдау мен көмек сұрағым келеді, әсіресе, бұл гидротехникалық құрылғыларды жөндеуді іске асыруға байланысты», - деді өңір басшысы. Оның сөзіне қарағанда, облыстағы 97 гидротехникалық құрылғылардың 37-сі толық жөндеуді қажет етеді. Қазіргі кезде бұл өңірде түскен қар нормадан 2-2,7 есеге асып отыр. Жазықтағы қардың биіктігі 70-120 см, ал тауларда 2,5-3 метрге жуықтап қалған көрінеді.
«Біз қарды сыртқа шығарып үлгере алмай жатырмыз. Мәселен, 12 сағаттың ішінде Өскеменде 80 см қар түсті. Бүгінгі күнге дейін біз миллион тоннаға жуық қарды шығардық. Алайда болжам бойынша жағдай мәз емес. Ақпан-наурызда қар нормадан артық түсіп, яғни шамамен 60 см-ден асуы мүмкін», -деп нақтылап өтті әкім.
Атап айтқанда, Қоршаған ортаны қорғау министрлігі өзендер ағысы бойынша Көксу, Лепсі (Алматы облысы) және Бұқтырма, Оба (ШҚО), Тобыл, Торғай (Қостанай облысы), Нұра, Шағалалы (Ақмола облысы), Кеңгір, Шерубай-Нұра, Сарысу (Қарағанды облысы) өзендері алабында қардың еруіне байланысты су деңгейінің көтерілуі туралы болжам жасап отыр.
ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов осы деректерді тыңдай келе, тасқынның алдын алу аясында еліміздің негізгі өзендерінде шағын тоспалар құрылысын қарастыруды тапсырды.
«Елбасы гидротехникалық құрылғыларды жөндеуден бөлек, бірнеше мәрте біздің негізгі өзендерде қар еру кезіндегі тасқынға шағын тоспалар жасау туралы мәселені көтерген болатын. Әсіресе, бұл жайт көктемде судың ауқымды көлемін жинақтауға қатысты. Осыны ескере отырып, салалық бағдарламаны қарастыру керек»,-деп жүктеді С. Ахметов. Осы орайда Үкімет басшысы тиісті мемлекеттік органдар басшыларының басын қосып, әкімдермен кеңесіп, бұл мәселені саралау қажет екенін қадап айтты.
Бүгінде еліміздегі 759 гидротехникалық құрылғылар тиісті комиссиялық тұрғыда зерделеніп, тексерілген екен. Соның нәтижесінде 126-сы қосымша жұмыстар мен ерекше бақылауды талап ететін құрылғылар ретінде анықталды. Бұған қоса иесіз деп танылған 11 су қоймасының бесеуіне инженерлік жұмыстар жүргізу қажет. «Иесіз су қоймаларының басым көпшілігінің меншік иелері анықталды. Бұл мәселені аяғына дейін жеткізіп, түбегейлі шешу керек»,-дейді министр В. Божко.
Сонымен қатар, ТЖМ басшысы солтүстік өңірлерде ақпан және наурыз айларында қалың қар жаууы мүмкін екенін ескертті. «Сондықтан бұл жағдай одан әрі қиындайтынын атап айтқым келеді», - деді ол.
24 қаңтарда облыс мәслихаттары тасқынға қарсы іс-шараларға арналған бюджетті биыл 5,4 миллиардтан 14 миллиард теңгеге дейін ұлғайтты. Бұл ретте БҚО-ның төтенше жағдайларға арналған бюджеттік бабы 19 есеге, Астана қаласында - 15 есеге, Қостанай облысында - 11 есеге, ОҚО-да 5 есеге өсті. Ал Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары өздерінің бюджетінен қосымша қаржы бөлмеген көрінеді. Бұл қазіргідей қалыптасып отырған жағдайда тасқынға уақытылы әсер ету шараларының тиімділігін төмендетуі мүмкін.
Өткен жылғы тасқынның туындау себептері мен жағдайына жасалған зерттеу көрсеткендей, қар қоры мен ауа райының күрт өзгеруі ғана емес, сонымен қатар қатып жатқан жердегі ерімеген қарға жылы жаңбырдың жаууы басты фактор болған екен.
Үкімет отырысында Серік Ахметов өңірлердегі болуы мүмкін тасқын судың алдын алу бойынша тиісті шараларды тыңғылықты орындауды жүктеді. Өзен, арық арналары, бөгеттерді нығайту, жол инфрақұрылымы мен электр және байланыс желілерін сақтау мәселелеріне ерекше назар аудару керек екені ескертілді.
«Біз бүгін арнайы алдағы қардың еруіне байланысты жағдайды қарастырдық. Сондықтан да өңір әкімдеріне жағдайдың мониторингін айтарлықтай тыңғылықты жүргізуін тапсырамын. Синоптиктер болжаған мерзім сәйкес келмей жататын кездер де болып жатады. Осы орайда сіздер әрдайым дайындық тәртібінде болуларыңыз керек», - деп қадай айтты С. Ахметов.