Көктемде Астанада егеурқұйрық қаптауы мүмкін – санэпидемиология департаменті

АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жанна Пралиева биылғы көктемде елордада кеміргіштердің қаптайтыны туралы мәліметке пікір білдірді.

Көктемде Астанада егеурқұйрық қаптауы мүмкін
Фото: Pixabay.com

— 2024 жылғы су тасқыны, жауынды жаз, қыс мезгілінің жылы болуы кеміргіштердің көбеюіне қолайлы болып тұр. Кеміргіштер орта ылғалды, азық мол болса, тез жетіледі. Кейбір түрлері жыл бойы көбейе береді, жылына 10 рет балалайды. Тышқандар далалы жерде 25-40 см тереңдіктегі індерде, ал қалалы жерде қараусыз қалған үй-жайларды, ескі құрылыс алаңдарын мекендейді, — дейді ол.

Сондай-ақ астаналықтар тарапынан шағым түсіп жатқанын айтады. 

— Дератизациялау шараларының аяқталғанына қарамастан, елорда тұрғындарының кеміргіштерге қатысты шағымдары азаймай отыр. Осыған байланысты Ұлттық сараптама орталығының «Аса қауіпті инфекциялар зертханасымен» бірге жүргізілген мәліметтерді талдай отырып, қолайлы гидроклиматтық жағдайларды ескере отырып, 2025 жылы көктемде кеміргіштер санының айтарлықтай өсуі мүмкін деп болжаймыз, — дейді Жанна Пралиева. 

Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану басқармасы «Аса қауіпті инфекциялар зертханасымен» бірлесіп ақпан-қараша айларында егеуқұйрықтарды аулап, сынамалар алған.

— Былтырғы сынамалардың хаттамасы ауланған кеміргіштерден аса қауіпті инфекцияларға теріс нәтиже берді. Астана қаласында тышқан мен егеуқұйрықтың су тоқалтісі, сұр тоқалтіс, орман және үй тышқаны сияқты түрлері жиі кездеседі. Сонымен қатар сұр және қара егеуқұйрықтар бар. Кеміргіштердің саны туралы зертханаға ауланған буаз аналықтардың ішіндегі эмбриондар санына қарап ықтимал болжам жасаймыз. Қазіргі таңда ауланған тышқандарда 7-9 данаға дейін эмбриондар бары анықталды, — дейді департамент өкілі. 

Айтуынша, егеуқұйрық пен тышқандар туляремия, иерсиниоз, листериоз, лептоспироз, құтырма, өкпе обасы сияқты әр түрлі аса қауіпті жұқпалы ауруларды тасымалдайды.

Еске салайық, былтыр жазда Ақтауда кеміргіштер қаптап, улау жұмыстары жүргізілген болатын. 

Соңғы жаңалықтар