Көктемде құстарды атуға тыйым салынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті биылғы ақпанның ортасынан бастап 14 маусымға дейін аң аулауға енгізілген шектеуге байланысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАҚпарат. 
None
None

«Бұған көп факторлар ықпал етті. Біріншіден, көктемгі аңшылық құстардың ұя салу науқанына кері әсер етеді. Бұл ретте ең алдымен белсенді әрі репродуктивтік жағынан бағалы аталықтар атып алынып, бұл өз кезегінде түрлердің гендік қорын нашарлатады»,-деп тоқталды Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Марлен Айнабеков Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, ғылыми ұйымдардың зерттеуінде құстардың популяциясы 2 миллионға азайған.

«Біз аңшылық шаруашылықтармен, Зоология институтымен және Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығымен бірге республиканың барлық аумағында көктемгі аң аулау кезінде жабайы құстарды аулауға тыйым салу мәселесін пысықтадық. Аталған ғылыми және қоғамдық ұйымдар құстардың ұя салу кезеңінде көктемгі аң аулауға тыйым салынуына қолдау білдірді»,-деді ол.

Осы ретте кем деген үш жылға бұл шектеуді сақтау ұсынысы қарастырылды. Түрлер бойынша бұл тізімде үйректер мен өзге де жыл құстары қамтылып отыр.

Атап айтқанда, тиісті шешімді зерделеу кезінде ресейлік тәжірибе ескерілді. Көршілес елде аңшылыққа шектеу 10 жылға енгізілгендіктен, популяция 5 миллионға артқан көрінеді. «Популяция тиісті деңгейге жеткен кезде, аңшылықты қайта ашуға болады»,-деді Айнабек.

Министрліктің мәліметінше, жабайы құстардың саны азайып отырғанда, браконьерлердің саны көбейіп барады. 2016 жылғы көктемгі аң аулау кезеңінде ел аумағында әкімшілік құқық бұзушылық бойынша 758 факті тіркелді. Ал 2015 жылы заңсыз аң аулаудың 636 фактісі тіркелген болатын. Яғни, аң аулау қағидарларының бұзылуы арта түсуде.

«Егер де заң бұзушылықтар орын алса, біз әкімшілік айппұлдарды саламыз. Қазіргі кезде нормативтік-құқықтық актілерді қайта қарастырып жатырмыз және айппұл бойынша түзетулерді Парламентке енгізудеміз. Менің ойымша, айыппұл көлемі бір құс үшін 40-50 мың теңгеге дейін жетеді. Ұя салу кезеңі толық аяқталып, балапандары қанаттанғаннан кейін күзде аңшылық маусымы ашылады»,-деді ол.

Соңғы жаңалықтар