Көктемгі су тасқыны: ШҚО-дағы 20 учаскеде мұз кептелуі мүмкін
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстанда көктемгі су тасқынының бірінші кезеңіне дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Көпжылдық бақылауға сәйкес, су тасқынының бірінші кезеңі өзендерде мұз ери бастаған кезде, яғни наурыз айының екінші онкүндігінің соңынан сәуір айының екінші онкүндігінің аяғына дейін байқалады. Осы уақытта Қара Ертіс, Үлбі, Бұқтырма, Күршім, Абылайкит, Ақсу өзендерінде мұз кептелу қаупі бар.
- Облыста 1 ақпаннан бастап жоғары дайындық режимі енгізілді. Төтенше жағдайлар департаментінде жедел штабтың тәулік бойғы кезекшілігі ұйымдастырылған. Су басу қаупі бар әр елді мекен бойынша жергілікті атқарушы органдардың, қалалар мен аудандардың төтенше жағдайлар бөлімдерінің жауапты тұлғалары бекітілді, - деп хабарлады департаменттен.
Ақпан айының үшінші онкүндігінен бастап каналдарды, арықтарды, су өткізу құрылыстарын және көпірлерді тазарту жұмыстары жүргізіліп келеді. Бүгінгі таңда су тасқынына қарсы іс-шаралардың 84,4%-ы орындалды. Атап айтқанда каналдардың – 81,8%, арықтардың – 74,3%, су өткізу құрылыстарының – 86,1%, көпірлердің 90%-ы тазартылды.
Елді мекендерден 335 мың текше метр қар шығарылды. 82 мың дана ыдыс-қап, 10,2 мың тонна инертті материал, 393 тонна жанар-жағармай материалдары дайындалды.
- Су тасқынының алдын алу мақсатында 7 аудан әкімдіктерімен мұз кептелісі болуы мүмкін 20 учаске анықталды. Бекітілген кестеге сәйкес, Шемонаиха ауданындағы 2 учаскеде, Марқакөл ауданындағы 5 учаскеде және Алтай ауданындағы 1 учаскеде алдын алу жұмыстары жүргізілді, - деп хабарлады облыс әкімдігінен.
Ахуал күрделене қалған жағдайда әрекет ету үшін жергілікті атқарушы органдардың, Төтенше жағдайлар департаментінің және азаматтық қорғау қызметтері құрамаларының 3677 адамнан тұратын, 556 техника, 75 жүзу құралы және 234 мотопомпалармен қамтамасыз етілген күштері мен құралдары дайындалды.
Еске салсақ, осыған дейін СҚО-да су тасқыны кезеңіне дайындық қалай жүріп жатқаны жайлы жазғанбыз.