Көктемгі су тасқыны: Павлодар өңірінде 60 эвакуациялық пункт дайындалды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Қар күрт ерісе, облыс бойынша 50-ден астам елді мекен қауіп көзінде қалуы мүмкін. Баянауыл, Ертіс, Железин, Ақтоғай, Тереңкөл аудандарында су тасқыны қаупі жоғары.
Ертіс-Баян өңірінде су тасқыны жағдайы күрделенген жағдайда әрекет ету үшін энергетика, жол және көпір, инженерлік және көлік қызметтерінен құралған күштер мен құралдар тобы жасақталды. Жалпы саны 1 871 адам, 769 инженерлік мен арнайы техника, 21 жүзу құралы және 357 мотопомпа дайын тұр.
— Су тасқыны ушыға қалған жағдайда халықты қабылдауға арналған, 22 745 адам сыятын 60 эвакуациялық пункт дайындалды. Сондай-ақ тамақтандыру туралы 80 ниет шарты және Ертіс пен Сілеті өзендерінде (Аққулы, Май, Ақтоғай, Тереңкөл аудандары, Ақсу қаласы аумағы) жарылыс жұмыстарын жүргізуге 5 шарт жасалды, — деп хабарлады өңірлік төтенше жағдайлар департаментінен.
Мамандардың айтууынша, Баянауыл, Ертіс, Железин, Ақтоғай, Тереңкөл аудандары қаупі жоғары аймақтарға жатады. Май, Аққулы, Шарбақты аудандарында, Ақсу қаласы мен оған іргелес ауылдық аймақтарда орташа қауіп күтіледі.
Қазір жергілікті атқарушы органдар қар тазалау және шығару жұмыстарын ұйымдастырып жатыр. Қыс мезгілі басталғалы бері қала және аудан әкімдіктері жалпы көлемі 1 млн 108 мың текше метр қар шығарған.
Бұған дейін ауа райын болжаушылар Павлодарда қауіп барын ескерткен болатын.