Көктемгі тасқын суын тиімді пайдалана алмай отырмыз – Сенат депутаты
АСТАНА. KAZINFORM – Көктемгі тасқын суын жазғы қуаңшылыққа тиімді пайдалану керек. Бұл пікірді Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай Үкімет сағатында айтты.

− Бүгін су тасқыны қаупіне қарсы шаралар туралы тиісті министрліктер мәліметтерді келтірді. Былтырғы үлкен жағдайдан сабақ алынғаны байқалады. Олардың бар проблемаларды ашық айтқаны қажет. Біз күткендегідей толыққанды жауап жоқ, бірақ ең бастысы, жұмыс жүріп жатыр. Оның себептері де көп, барлық мәселе бюджетке келіп тіреледі, 30 жыл бойы жүргізілмеген жұмыстар бар. Дәл осы табиғи апаттарға қарсы тұратын шараларды, әлемдік тәжірибелерді көбірек пайдалануымыз керек, − деді Б.Жексенбай агенттік тілшісіне берген сұхбатында.
Оның айтуынша, Қазақстан аумағы су тасқыны ғана емес, құрғақшылық қаупі де бар мемлекеттер қатарында.
− Біз су тапшылығы туралы жиі айтамыз. Ал көктемгі суды тиімді пайдалану мәселелері әлі назарға алынбай келе жатыр. Мол су ағып келеді де, бәрін жуып-шайып кетеді. Ал оны тиімді пайдалансақ, су бассейндерін жасасақ, жаңа технологияларды қолдансақ, көбірек пайдасын көруге болар еді. Тіпті ірі қалаларды көгалдандыруға пайдалана алар едік. Бұл бағытта Үкіметтен ұсыныс-бастамалар ести алмадық, − деді депутат.
Депутат айтқан тағы бір мәселе – Қазгидромет деректеріне Үкімет пен жергілікті биліктің назар аудармайтыны.
− Былтыр да Қазгидромет бірнеше мәрте болжам жасады, бірақ оған мән берілмегендіктен күрделі жағдай болды. Биыл кез келген болжамға дұрыс назар аударылады деген сенімдеміз. Оған қосымша, арнайы Tasqyn цифрлық жүйесінің қосылуы да оң нәтиже береді деп ойлаймыз. Қандай шаралар жүргізілсе де, апаттан 100 пайыз сақтандырылатынына ешкім кепілдік бере алмайды. Болжамдар биыл да су тасқыны қаупі жоғары болатынын көрсетіп отыр. Сондықтан бұл бағытта үлкен жұмыс атқарылуы керек, − деп түйіндеді Б.Жексенбай.
Айта кетейік, еліміздің 4 министрлігі бірлесіп, су тасқынын болжауға және модельдеуге мүмкіндік беретін Tasqyn ақпараттық жүйесін әзірлеп жатыр. Tasqyn жүйесі бойынша алғашқы су тасқыны болжамы ақпан айында жарияланады.
Бұған дейін Сенат төрағасының орынбасары Жақып Асанов жыл сайын тасқынның себебімен емес, тек салдарымен күресе берсек, ешқандай бюджеттің ақшасы жетпейтінін айтқан еді.