Көктемгі су тасқыны: Ақмола облысында 125 елді мекен қауіпті аумақта орналасқан

Департамент бастығы орынбасарының айтуынша, облыстың 17 ауданындағы 125 елді мекен көктемгі ықтимал су тасқынына қауіпті аумақта орналасқан. Бұл елді мекендерде 13 мыңнан астам адам тұрады. Сонымен бірге, су басу қаупі бар аймақта 74 автомобиль және 4 темір жол учаскелері бар.
«Биылғы жылдың 2-ші ақпанындағы жағдай бойынша облыс бойынша қардың орташа биіктігі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9 пайызға артық, қардағы су қоры 19 пайызға көп. Өзен бассейндеріндегі ылғал қорының көлемі - Есіл, Мойылды (Астана су қоймасына құйылатын су), Жабай, Колутон, Чаглинка (Чаглинка су қоймасына құйылатын су) және Сілеті (Селеті су қоймасына құйылатын су) көп жылдық орташа мөлшерден 2-ден 30 пайызға төмен. Өңірде су тасқынына дайындық өткен жылдың жаз мезгілінде басталды. Инженерлік қорғау бойынша жоспарға сәйкес су басу қаупі бар 53 елді мекенде 35 км су бұру арналарын жайластыру, 22 км өзен арнасын тазарту, 47 су өткізу құрылысын орнату және жөндеу жұмыстары қолға алынды. Бұдан бөлек, қар шығару және су ағатын каналдық жүйелерді ретке келтіру, инертті материалдар қорын жасау, су өткізу құбырын тазарту бойынша жұмыстар жүргізілуде», - деді Қанат Доспаев.
Осы ретте, өңірде ықтимал төтенше жағдайды алдын алу үшін облыста 1,6 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырылған. Облыстың елді мекендерінен 342 мың текше метрден астам қар шығарылды.
«Аудандар мен қалалар бойынша 227 тонна жанар – жағар май (2021 – 273 тонна), 12,7 мың тонна инертті материал (2021 – 6,8 мың тонна), 70,8 мың қап (2021-66,7 мың дана) дайындалды. Сонымен бірге, 2153 адам, 983 бірлік техника, 151 мотопомпа, 35 жүзу құралдары даярланды. Су тасқыны бола қалған кезде төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 445 адам, 84 техника, 12 жүзу құралдары және 97 мотопомпа жұмылдырылады. Су тасқыны жағдайы күрделенген жағдайда төтенше жағдайлар департаментінің қосымша күштері мен құралдарын көшіру жоспарлануда. Сондай-ақ басқа облыстардан көмекке адамдар тарту жоспарланған», - деп толықтырды Қанат Доспаев.