16:43, 05 Наурыз 2009 | GMT +5
Көктемгі су тасқынына әзірлік шаралары Оралда да өткізілді
ОРАЛ. Наурыздың 5-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында «Көктем-2009» республикалық командалық-штабтық жаттығуларға құтқарушылар мен өңірдің барлық коммуналдық қызметтері өкілдері қатысты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алдымен төтенше жағдайлардың алдын алу және зардаптарын жою жөніндегі облыстық комиссия отырысы болып, Төтенше жағдайлар министрлігі бөлімшелері, жедел қызмет жасағы, басқа да мүдделі мекемелердің дайындығы тексерілді. Байқауды жүргізген облыс әкімінің орынбасары Біржан Қанешев коммуналдық қызметтер мен ондағы техникалар әзірлігін оң бағалады.
Гидрологтардың болжауынша, өңірде биыл аса қатты су тасқыны болмайды. Басты өзен Жайықтың қалыпты тасу деңгейі 5,74 метр болса, биыл ол 4-5 метрді құрайды делініп отыр.