Көктемгі су тасқынынан қорғау мақсатында алдын алу шаралары өткізіліп жатыр - Павлодар облысы

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Дүйсенбай Тұрғанов пен Павлодар облысы бойынша төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Әлібек Длимов көктемгі қар еру кезінде су басу қаупі бар аймақтардағы арнайы күштердің дайындығын тексеру мақсатында Баянауыл ауданын тікұшақпен аралап шықты.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, жыл сайын Баянауыл ауданының Қара ащы, Теңдік ауылдарын су басу қаупі туындайды. Ағымдағы жылдың 10-11 наурыз күндері осы ауылдарда Қара ащы ауылын қорғайтын белдеуді бекіту бойынша арнайы тактикалық жаттығулар ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, 2016 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық және қорғаныс шараларын өткізу бойынша кешенді іс-шаралар жоспарына сәйкес және облыс тұрғындары мен аймақты көктемгі су тасқынынан қорғау мақсатында алдын алу шаралары өткізілуде. «Казгидромет» РМК-нің Павлодар облысы бойынша филиалымен облыс аумағындағы қардың көлемі және су бекеттеріндегі мұз қабатының жағдайы туралы мәліметтерді ұсыну бойынша байланыс орнатылды. Арнайы жұмыс тобы 2016 жылғы 15-19 ақпан аралығында су тасқыны басу қаупі бар аймақтарды (Ақтоғай ауданының Шолақсор ауылы, Қарағанды облысында орналасқан «Ақжар» және «Қаратоқа» бөгеттері, Ақсу қаласы, Павлодар қаласының Ленин кенті) аралап шықты. Ағымдағы жылдың 19 ақпанында Ақсу қаласында су тасқынына қарсы шараларды іске асыру бойынша арнайы тактикалық оқулар өткізіліп, су тасқынының салдарын жою мақсатында арнайы күштер мен құралдардың тобы құрылған. 200 тонна жанар-жағармай, 19,1 мың тонна инертті материал және 64,3 мың қап дайындалған. Сондай-ақ, Ертіс және Сілеті өзендерінде сең тұру қаупін жою мақсатында мұзды жару жұмыстарын жүргізу бойынша жеті келісімшарт жасалған («Востоквзрывпром» ЖШС, Өскемен қаласы; Павлодар және Ақсу қалалары, Ақтоғай, Ертіс, Качир, Май, Лебяжі аудандары). Автокөлік жолдарын су шайып кетуден қорғау және көліктердің қозғалысын қамтамасыз ету үшін жол жөндеу қызметі 1068 су өткізу құбырларын тазалау және ашу жұмыстарын жүргізді.
Қазіргі таңда облыстың коммуналдық қызметтері 256 мың тонна (немесе 384000 шаршы метр) қар шығарды. Бұл жұмыстарға 609 арнайы техника мен 653 қызметкер жұмылдырылды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Соңғы жаңалықтар
telegram