Көктемнің алғашқы күні Шымкентте бадам ағашы гүлдеді

Шымкент қаласы Самал-2 мөлтекауданының тұрғыны Керімби Керімқұловтың ауласында бадам ағашы гүлдеді. Мұны көпшілік жақсылыққа балап отыр.
«Біз бадам деп атаймыз. Ал, көпшілік миндаль деп жүр. Өзім 2009 жылы дәнін алып келіп еккен болатынмын. Үш жыл болды, қазір өнім алып жатырмын. Биыл да нышан беріп, гүлдеп тұр. Бір ағаштан 10 келі өнім аламыз» - дейді тұрғын.
Жалпы бадам ағашы Ташкент, Тәжікстан секілді жылы аймақта өседі.
Қазір аталған ағаш Шымкенттің де айналасында көбейіп келеді. Керімби Керімқұловтың ауласында қазір екі түбі гүлдеп тұр.
Ал, қалған көшеттері бүр жарып жатыр.
«Өзім 1000 түпке дейін көбейтіп, таныстарыма үлестіріп жібердім. Алған өнімді бала-шағам ермек етеді. Әлі сатуға келмеді. Жалпы базарда бір келісі 5000 теңгеден сатылып жатыр» - дейді тұрғын.