Көктен түскен тосынсый: Қарағандыда дрондар бауырсақ таратты
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM - Қарағандыда Наурызнама аясындағы мерекелік думан биыл ерекше сипат алып, тың форматта ұйымдастырылды. Қаланың Орталық саябағында дрондар тұрғындарға бауырсақ таратып, көпшілікті таңқалдырды.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, биылғы Наурыз заманауи технологиялармен ұштасып, Digital Наурыз – 2026 атауымен өтіп жатыр. Бұл бастама ұлттық дәстүр мен инновацияны үйлестіріп, мерекенің мазмұнын байытып, көрерменге әсерлі әрі есте қаларлық формат ұсынуға мүмкіндік берді.

- Мұндайды мүлде күтпедім. Бір сәтте дрон жақындап келіп, бауырсақ тарата бастады. Бұл бұрын-соңды болмаған көрініс. Бір жағынан қызық, екінші жағынан мерекелік көңіл күй сыйлады. Ырыс-береке мол болсын!, – дейді қала тұрғындарының бірі.
Қала қонақтары мен тұрғындары мерекедегі көріністерге риза болысты.

- Осындай заманауи әрі мазмұнды іс-шаралар көбейе түссе игі. Бүгін Орталық саябақта шын мәнінде жарқын мереке өтті — бұл көңіл күй алғашқы минуттардан-ақ сезіледі, – деп атап өтті келушілердің бірі.
Наурызнама бағдарламасы тек қоғамдық кеңістіктермен шектелмей, білім беру ұйымдарын да қамтыды. Өңір мектептерінде ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған тақырыптық іс-шаралар өтіп жатыр. Солардың бірі — Қарағанды қаласындағы мектептердің бірінде ұйымдастырылған «Бауырсақ-party». Бұл шарада оқушылар ата-аналарымен бірге дәстүрлі тағамның 30-дан астам түрін дайындады.

- Біз шелпек, бауырсақ, ши-бауырсақ, өрме бауырсақ және шайға арналған бауырсақ әзірледік. Барлығын өз қолымызбен, аналарымызбен бірге пісірдік, – дейді мектеп оқушысы Адина Бейсембек.

Жалпы, Қарағанды облысында Наурызнама күндері мыңнан астам іс-шара өткізу жоспарланған. Тұрғындар мен қала қонақтарына арналған концерттер, көрмелер және интерактивті шеберлік сағаттары қарастырылған. Басты мақсат — ұлттық дәстүрдің бай мұрасын заманауи форматта жаңғыртып, көпшілікке мерекелік жылулық пен ерекше әсер сыйлау.
Осыған дейін 62 жыл тойланбаған Наурыз қазақ еліне қалай оралғаны жайлы жазған болатынбыз.