04:23, 08 Мамыр 2017 | GMT +5
Көктоғай Бүкіләлемдік геопарктер желісіне енгізілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Азия, Еуропа және Латын Америкасындағы сегіз геологиялық нысан Бүкіләлемдік геопарктер желісінің тізіміне алынды, деп хабарлайды un.org . Олардың қатарында - Ирандағы Кешм аралы, Аршан қорығы (Қытай, Ішкі Моңғолия) мен Көктоғай (Қытай, Шыңжаң) бар.
Сегіз нысанға қатысты шешім ЮНЕСКО-ның Атқару кеңесінің 5 мамырдағы сессиясында қабылданды. Тізімге Кешм аралы мен Қытайдағы екі қорықтан басқа Францияның оңтүстік батысында орналасқан Кос дю Керси үңгірі, Мексикадағы Комарка Минера мен Микстека Альта геологиялық нысаны алынды. Тізімді Корея Республикасындағы Чхонсон паркі мен Испаниядағы таудағы Лас-Лорас тақыры нысандары толықтырды.
Бүкіләлемдік геопарктер желісі ЮНЕСКО басшылығымен 2004 жылы құрылды. Ол планетамыздағы сирек әрі көрікті геологиялық мұралардың басын біріктіреді. Қазіргі уақытта тізімге 35 мемлекеттегі 127 геопарк алынған.