Қоқыс тасымалдайтын барлық көліктер бақылауға алынады
«Алдағы жылдан бастап қоқыс өңдейтін компаниялардағы әрбір автокөлік үшін GPS-жүйені енгізуді жоспарлап отырмыз. Өздеріңіз білесіздер, көктемде қала маңында рұқсат етілмеген қоқыс орындары пайда болады. Мұндай жағдайға жол бермес үшін GPS-жүйе тиімді шара болар еді», - деді вице-министр.
Оның сөзіне қарағанда, министрлік келесі жылдан бастап әкімдіктердің өңірлердегі тұрмыстық қатты қалдықтарды кәдеге жаратудың және қайта өңдеудің қазіргі заманауи әдістері мен технологияларын ендіру бойынша жұмысына бағалау жүргізеді. Бұл шаралар нәтижелері министрлік пен әкімдіктердің ресми сайттарында жарияланады.
«Елімізде «Жасыл экономикаға» көшу жөнінде тұжырымдамада 2030 жылға қарай қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 40 пайызға, ал 2050 жылға дейін 50 пайызға жеткізу көзделген. Биылғы 10 айда Қазақстанда 3,7 млн тонна тұрмыстық қатты қалдықтар жиналды. Оның ішінде 400 мың тоннадан астамы немесе 10,8 пайыз қайта өңделді және кәдеге жаратылды», - деді С. Нұрлыбай.
Осы орайда, ол аталған көрсеткіш 2017 жылы 9 пайыз деңгейінде болса, 2016 жылы 2,6 пайызды қамтығанын еске салып өтті.