«Көкжайлау» тау-шаңғы шипажайының құрылысы 2015 жылы басталады - Л. Маршан

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- «Көкжайлау» тау-шаңғы шипажайының құрылысы 2015 жылы басталады. Бұл туралы бүгін журналистермен болған кездесуде «Көкжайлау» ЖШС басқарушы директоры Люка Маршан мәлімдеді.
None
None

«Көкжайлау» шипажайының жобасы дайын, 2015 жылы құрылысы басталады. Жоба бойынша салынатын нысандарда қазақ халқының тарихы, мәдениеті мен өзіндік ерекшелігі көрініс табады. Біздің мақсатымыз - тау-шаңғы спортын барынша насихаттау» - деді Л. Маршан.

Жобаға сәйкес, шаңғы жолының жалпы ұзындығы 65 шақырым. Сырғанау аймағы кең. «Көкжайлау» шипажайы мен «Медеу» спорт кешені аралығында аспалы жол салынады. Жобаның жалпы құны 60 млрд. теңге. Жоспар бойынша шипажай қолданысқа 2017 жылы беріледі.

Л. Маршанның айтуынша, шипажай жаз айларында да жұмыс істейтін болады. Сол үшін жаяу және атпен жорық жасауға арналған жолдар және әр түрлі фестивальдерге арнап алаңдар жасалады.

Сонымен қатар, кездесуге атақты экстремал, полярлық гид Инге Солхейм де қатысты. Ол бұған дейін де Ұлыбритания ханшайымы екінші Елизаветаның немересі, Гарри ханзадамен бірге Алматыда болған екен.

«Мен талай экспедицияға қатыстым. Оңтүстік полюсте де болдым. Көптеген шыңдарды бағындырдым. Бірақ, мен сонда да Қазақстанға қайта оралғым келіп тұрады. Өйткені бұл елде тамаша адамдар өмір сүреді. Табиғаты да керемет» - деді Инге.

«Мен өзімді бақытты адам деп санаймын. Мен үнемі саяхат жасаймын. Ондағы мақсатым - әлемді, қоршаған ортаны және өзімнің ішкі дүниемді тану. Сондықтан айтарым, «Көпжайлау» секілді жобалар шынында да адамдардың жүрегінде тауларға деген сүйіспеншілікті оятады. Қазақстаннан алдағы уақытта тау-шаңғы спорты бойынша талай чемпиондар шығатындығына кәміл сенемін» - деді ол.

Соңғы жаңалықтар